«Өлгім келмейді»: Айдос Сарым қоғам алдындағы өзінің репутациясы туралы
Депутат Қаңтар оқиғасы болғаннан кейін мемлекеттік телеарналар арқылы айтқан ой-пікірлеріне өкінбейтінін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында қоғам алдындағы өзінің репутациясына қатысты пікір білдірді.
Журналистің «Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам алдындағы беделіңіз түсіп қалған сияқты, бұл сізді ойландырмай ма?» деген сауалына «оған назар аудармаймын» деп жауап берді.
«Менің өзімнің жоспарым, түйгенім бар. Ең үлкен қарсыласу – қоғамдық пікірге қарсыласу деген екен біреулер. Сондықтан қоғамдық пікір былай деді екен дей беретін болсаң, онда ештеңе істеудің де қажеті жоқ, үйде диванда жату керек. Егер мақсатың айқын болса және оны іске асырудың жолын көріп отырсаң, онда назар аудармай-ақ қой. Болды, айта берсін. Ұнай ма, айта берсін! Көшеде де, елдің ішінде де жүрміз, ойларын келіп айтып жатқандар да бар. Сенікі дұрыс екен ғой деп айтатындар да бар. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын мен. Қақпақ болудың керегі де жоқ маған. Әр адамның айтқанына назар аудара беретін болсаң, оған қапалана беретін болсаң, онда асылып өлу керек қой. Асылып өлгім келмейді», - деді депутат.
Айдос Сарым Қаңтар оқиғасы болғаннан кейін мемлекеттік телеарналар арқылы айтқан ой-пікірлеріне өкінбейтінін жеткізді.
«Ең бастысы елді аман-есен алып қалдық па? Нәтиже сол. Тәуелсіздігімізден айрылып қалған жоқпыз. Орысы (ОДКБ) кірді, кетті. Қаңтар оқиғасы кезінде менің жұмысым сол болды, Қазмедиаға таңертең 9-да кіретінмін, кешкі 11-де шығатынмын. Бір бағдарламадан бір бағдарламаға кіріп, басу айттық. Жанталасып жатқан кезде, болашағымыз не болады деп жатқан кезде қатты айтпағанда қалай айтамыз? Қатты да сөз айттық, бір адамдардың атын да атадық, өті жарылып кетсе де сол», - деді