Мұхтар Шахановтың 1989 жылы Кремльде сөйлеген сөзін кім жазып берді?
Композитор Қалдыбек Құрманәлі «Adal Adam» YouTube арнасына берген сұхбатында Мұхтар Шахановтың 1989 жылы Кремльде батыл мінез көрсетіп, Желтоқсан қозғалысы кезіндегі шындықты ашық айтқанына қатысты алып-қашпа әңгімелерге пікір білдірді.
«Шахановқа сол баяндаманы мынау жазып беріпті, анау жазып беріпті ідегендер бар. Тіпті Шахановтың айналасындағылардың өздері өзін батыр жасағысы келетін секілді. Бірақ ешқандай құжат жоқ. Бұның бәрі шындыққа сәйкес келмейді. Өткенде біреу жүр, марқұм болып кеткен ақын бар Арон Атабек деген, сол текстті Шахановқа жазып берді дейді. Шахановқа бүкіл өлеңдерді сол жазып берген шығар онда!? Шахановқа хат жазу деген не қиындығы бар!? Ол бірінші рет хат жазып жатқан жоқ қой. Оған дейін де жазды. Орысшаға аударып беретін адам жетеді. Депутаттың сөзін аударып беру деген кез келген көмекшісі істей алады. Орысша аудару деген ағылшынша аудару емес», — деді Қалдыбек Құрманәлі.
Композитордың айтуынша, Мұхтар Шахановқа орысша жазу да бұйым емес. Мәселе құпия болғандықтан басқалардың көмегіне жүгінуі де мүмкін емес.
«Егер адамдарды шақырып, хат туралы ақылдасатын болса, бәрі біліп қояды ғой. Москваға дейн жетіп қояды. Сосын Горбачевті алдай алмаушы еді. Ол Горбачевқа Арал тағдыры туралы айтам деп, Желтоқсанды айтып жүрген жоқ па!? Құпия нәрсе еді. Орысшасы дұрыс болмаса, орыс достары бар. Шыңғыс Айтматов та қасында болды, орысшадан көмек керек болса.
Баяндамасын Қазақстанның адамдарына жаздырды дегенге сенбеймін», - дейді композитор.