«Жалақымды бөліп берем, қызметтік көлікке мінбеймін» — депутат
Ұлықбек Тұмашинов мұндай қадамның себебін де түсіндірген.
Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов «Adal Adam» youtube-арнасына сұхбат берді. Әңгіме барысында журналист Дәурен Сейітжанұлы депутаттың жалақысы туралы сұраған. Тұмашинов өзін ең аз жалақы алатын депутат екенін айтқан.
«Мәжіліс депутаты ретінде 650 мың теңгедей жалақы аламын. Ең төмен жалақы алатын депутаттың бірімін. Себебі мемлекеттік қызметте еңбек өтілім жоқ», — деді ол.
Сонымен қатар депутат алған жалақысын өзі жаратпайтынын әрі оны өзгелерге таратып беретінін жеткізіпті. Айтуынша, қызметтік үй мен көлікті де пайдаланбайды екен.
«Жалақымды өзім алмаймын. Жанымдағы жүргізушіге, көмек көрсететін адамдарға, үйдегілерге бөліп беремін. Мен мемлекеттің қызметтік көлігін мінбеймін, өз көлігіммен жүремін. Депутаттарға берілетін үйде де тұрмаймын, өзімнің үйім бар. Жасыратыны жоқ, мен үшін ол жалақы ешқандай рөл атқармайды», — деді депутат.
Айта кетейік, депутат мұндай қадамның себебін де түсіндірген. Ол Мәжіліске бизнестен келгендіктен, депутат ретінде алатын табысқа тәуелді емесін айтқан. Бастысы, салалық және өмірлік тәжірибесін қолдану арқылы елдегі мәселелерді шешуге ұмтылуда.