Алмасбек Садырбай Ауыл шаруашылығы министрі болуға лайық адамдардың атын атады
Алмасбек Садырбай қазіргі ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысының атына кір келтіріп жатыр деп есептейді.
«Шаңырақ» ұлттық агро-қозғалысы» РҚБ төрағасы Алмасбек Садырбай Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында ауыл шаруашылығы министрі болуға кімдер лайық екенін айтты.
«Әбірқайыр Тамабек (бүгінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары) ауыл шаруашылығы министрі болуға лайықты. Сол сияқты өңірлерде біраз азаматтар бар. Сенатта Арман Өтеғұлов деген мықты азамат бар. Білімді. Ветеринария комитетін басқарған. Мәжілісте Болатбек Нажметдинұлы бар. Іскер, мемлекеттік қызметте де істеген. Алма бақпен айналысқан. Бұл азаматтардың бір басты қасиеті – тыңдай біледі. Олардың әрқайсымен кейбір мәселеде келіспей, қызылкеңірдек болып, шайқасқанбыз. Соңында ымыраға келетінбіз. Аргументтерін дәлелдей білетін. Бір-біріміздің қателіктерімізді мойындай білетінбіз. Ал Айдарбек Сапаровта ондай қасиет жоқ. Қазақтың жалпақ сөзімен айтқанда ол доңыз мінез, бір мойын. «Бітті, мен осылай шештім, болды» дейді», - деді Алмасбек Садырбай.
Сондай-ақ ол Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысының атына кір келтіріп жатыр деп есептейді.
«Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысына деген халықтың сенімін кетіріп жатыр. Оның артынан сөз ерттіріп, кір келтіріп жатыр», - деді А.Садырбай.