«Біреуге ақыл айтар алдында өзіңнің өміріңе қара» Жеңіс Ысқақова Айнұр Тұрсынбаева туралы
Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова «Adal Adam» Youtube-арнасына берген сұхбатында қазіргі таңда трендке айналған коучтар мен блогерлердің сабақтары туралы ой қозғады.
«Өзің үшін өмір сүр» деп, ақыл айтып отырған әйелдердің барлығын жауапқа тарту керек. Дұрыс емес қой бұл. Бізде аға інісіне көмектеседі, апа сіңлісіне көмектеседі, аға қарындасына көмектеседі, кішкентай кезден солай үйретті ғой. Бір-біріміздің киімімізді киіп өстік. Қазір «ой, ананың кигенін киме, оның энергетикасы басқа» дейді. Күйеуге тигенше апамның көйлегін киіп өстік. Өліп қалған жоқпыз ғой, ақыл-есім түзу, ешқандай мүшем кем болып қалған жоқ. Өзің үшін өмір сүру керек дейді. Әйел қалай өзі үшін өмір сүреді? Сен өмірге бала алып келдің бе, сенің өмірің, сенің жауабың осы балада. Баланың азамат болып өсуі, қыздың ұрпақ тәрбиелейтін ана болып өсуі әйелдің қолында. Балаларың үйде аңырап, қарны ашып отырғанда сен қалай бар тапқан-таянғанды үстіңе жабыстырасың? Ол таза топастық қой. Бұл — адамдарды адастыру», — дейді әнші.
Сонымен қатар, Жеңіс Ысқақова Айнұр Тұрсынбаева әйелдерді адастырып, жолдан тайдырады деп сынады.
«Мен әлеуметтік желіде жігіттің бір айтқанын көріп қалдым. «Айнұр Тұрсынбаева деген ақын қызымыз бар. Негізі ақын ретінде оны жақсы сыйлайтынмын, жақсы тыңдайтынмын, сол ақын болып жүре беру керек еді» дейді. Ол менің келіншегімнің жұмысындағы мұғалім Айнұр Тұрсынбаеваның «уағызын» тыңдап, оқып, сөздің ұяты жоқ, 60 мың теңгеге ішкиім сатып алды дейді. Соның ақшасын төлемей, қарызға алыпты деді. Ол ақшасын уақытында бермеген соң сатушы келіп: «ішкиімнің ақшасын төле» депті. Енді жаңағы жігіт: «Айналайындар-ау, Айнұрды тыңдап, ешуақытта қымбат ішкиім кие алмайсыңдар. Қымбат ішкиімді Айнұр киеді. Сендердің ақшаларыңа. Сендер өмір бақи тиын санап жүресіңдер. Ондайларыңды қойыңдар» дейді. Мынау ұят қой. Біреуге ақыл үйретпек түгілі, біреуге «былай өмір сүр, олай өмір сүр» деп айтудың алдында сен өзіңнің өміріңе қара, жан-жағыңа қара, қайда бара жатсың, қайдан шықтың, кімсің, ойлан осының бәріне. Содан кейін барып, ақыл айт. Егер ақыл айтуға сенің құқығың мен абыройың болса. Айнұр Тұрсынбаева әйелдерді неге жолдан адастырады? Жалпы отырып алып, ешкімнің біреуге ақыл айтуға құқығы жоқ. Өзіңді жөндеп алсайшы, бірінші. Бұл бір Айнұрға ғана тиісті дүние емес, Айнұрдың қатарында қырғын қатын көп. Бәрі керемет. Келіншектің артына қарасаң, өзі екі рет ажырасқан, екі күйеуден екі-үш бала туған деген сияқтылар. Солар құлақтан теуіп жатыр ғой. Мен 300 мың теңгеге сабақ сатып алған сондай бір келіншекке кездесіп қалып сұрақ қойдым. «Байып кеттің ба?» дедім, «Жоқ» деді. «Сен байымайсың. Сен біреуді байытасың, сен ақылын сатып алып жатқан әйелдің тағдырына қарасай» дедім», - деді әнші.