«Мағауинмен қоштасуды да саясатқа айналдырып жібердік» - Құлбек Ергөбек
Құлбек Ергөбек Adal Adal youtube арнасына берген сұхбатында Мұхтар Мағауин мен Бердібек Сапарбаевтың телефон арқылы сөйлескенін айтты.
Жазушы, әдебиет сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек Adal Adal youtube арнасына берген сұхбатында АҚШ-та көз жұмған жазушы Мұхтар Мағауин туралы пікір айтты.
«Екеуміз де Бейсембай Кенжебаевтың шәкіртіміз, баласымыз. Мағауин оның үлкен баласы, мен кіші баласымын. Рымғали (Нұрғали - ред) ағай екеуіне қалжыңдайтынмын, «Бейсекеңнің қайратты кезінде күш-қуатынан рух алып, бар қызығын, қамқорлығын сіздер көрдіңіздер де, үлкейген шағындағы бар бейнетін мен көрдім ғой» дейтінмін әзілдеп. Шынында Мағауин қайтыс болғанда жүрегім ауырды. Ол кезде Ташкентте ауруханада жатыр едім, қоштасу сөзін де жаза алмадым. Бақытжамал жеңгемнен, Едіге інімнен ұялам сол үшін. Бірақ міндетті түрде жазам. Айтпағым, Мағауинмен қоштасуды неше түрлі саясатқа айналдырып жібердік. Тазабековтер бізді талақ етті деді. Қазақ елін тұтас талақ ететіндей, айналайын-ау, бұл не сөз?! Бұлай айтуға бола ма?! Мұқаңның Едігесі болымды бала болды, шүкір. Мағауин Қазақстанда жүргенде де пәленбей теперіш көрген жоқ. Жазушылардың ортасында иу-қиу айтыс-тартыс болып жататыны қалыпты. Бірі әдеби айтыс болады, кейбірі тұрмыстық айтысқа айналып кетеді. Кейін Чехия, Америкаға кетті, өмірі жаман болған жоқ, қазақ әдебиетіне еселі үлес қосты», - деді жазушы-ғалым.
Сонымен қатар Құлбек Ергөбек Adal Adal youtube арнасына берген сұхбатында Мұхтар Мағауин мен Бердібек Сапарбаевтың телефон арқылы сөйлескенін айтты.