Каршадай баланың аты Әбілхан еді...
Биыл еліміз қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі, қазақ кәсіби сурет өнерінің негізін қалаушы, ұлы қылқалам шебері - Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жылдығын атап өтті.
Сурет өнерінде өшпестей із қалдырған дарабоз суретші өзінің саналы ғұмырында түрлі жанрды қамтыған үш мыңнан астам картина қалдырған. Әрі олардың барлығы да қазақ мәдениеті үшін баға жетпес қазына болып отыр.
Әбілхан Қастеев табиғи дарын. Ешқандай да кәсіби білім алмаған. Бірақ соған қарамастан өнертанушылар оның картиналары академиялық деңгейде салынғанын айтады.
Әбілхан Қастеев 1904 жылы бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Жаркент қаласының маңындағы Шежін деген ауылда дүние есігін ашады. Қарапайым ғана малшы отбасында дүниеге келген ер балаға әкесі Әбілхан деп ат қояды. Өкінішке қарай болашақ суретші әкесінен ерте айырылады. Амалсыз ерте жастан қара жұмысқа араласып өседі. 1928 жылы Әбілхан да жаңа өмірдің дүрмекті оқиғаларына араласуға бел буып ауылдан кетеді. Сол кездің аты шулы құрылысы Түрксібте (Түркістан-Сібір темір жолы) қара жұмысқа кіріп, еңбек ете бастайды.
Алайда Ә.Қастеев арнайы білім алуға мүмкіндігі болмайды. Жоғары оку орындарында оқи алмады. Өмірінің бұл кезеңін суретші кейіннен «Түрксіб» картинасы арқылы тарихта қалдырады. Бұл туында бүгінде суретшінің шоқтығы биік туындыларының бірі болып есептеледі.
Амалсыз ол өз бетімен ізденіп білім-өнер үйренуге мәжбүр болды. Кейін келе Әбілхан Қастеев Мәскеудегі педагогикалык институттың жұмысшы жастарға арналған студиясынан екі жыл білім алды.
"Ол өзі туралы әр уақытта "суретке мен өз бетіммен үйренгенмін" дейтін", - деп жазатыны бар Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Байтұрсын Өмірбеков өзінің естеліктерінде.
Қастеев алғашқы ізденіс жолын қарапайым ағаш жонып, темір иіп алуан түрлі бейнелер жасаудан бастайды. Оның ұлы өнер жолындағы алғашқы қадамы Мәдениет және тұрмыс журналының 1964 жылғы бір санында былай суреттеледі:
"Қой соңынан дірдектеген қаршадай бала Чежін тауының құж-құж тастарының арасына кірісімен-ақ көңілденіп, серпіліп кетті. Бұл жерде ешкім көрмейді оны. Ол дереу кішкентай-кішкентай жұмсақ тастарды теріп алып, қойнына тығып әкелген құралымен қыздар тағатын моншақ, түйме жасауға кірісті...
Каршадай баланың аты Әбілхан еді. Өнерін түйме түюден бастаған ол, кешікпей жарқабаққа қойдың, ешкінің мүсіндерін, кісінің бас бейнелерін ойып жасайтын болды. Бір күні қиядағы қорым тастардың арасына кіріп алып, салт атты біреудің суретін жасап отырғанында келіп қалған бай Әбілханды қуалап жүріп өлердей сабайды.
Баланың бұл талабына ата-анасы да ырза болмайды. Өйткені, ол уақытта сурет салу үлкен күнә боп есептеледі; о Дүниеге барғанда салған суретіңе қолдан жан сал деп қинайды-мыс. Бірақ, Әбілхан алган бетінен қайтпады. Өз бетімен қалаға кетіп, өнер соңына анық бел буып түсті.
Қазір үздік қаламымен ел құрметіне бөленіп отырған талантты суретшіміз Әбілхан Қастеевтің тұңғыш жолықтырған ұстазы - Жетісу аймағында ұзақ жылдар тұрған суретші-этнограф Н. Г. Хлудов болды. Қырдан келген қазак жігітінің алғашқы тырнақ алдысына сүйсінген қарт этнограф көзіне жас алып тұрып: «Қазақтан мұндай өнердің ұшығын да көрмеп едім әуелде. Енді сендей талабы зор ұлына да жолықтым. Бақытың ашылсын» дейді", - деп жазылған. Мәдениет және тұрмыс журналының 1964 жылы № 1 санында жазылған мақала "ХАЛЫҚ СУРЕТШІСІ (ӘБІЛХАН КАСТЕЕВ 60 ЖАСТА)" деп аталады. Авторы Н.Оразбеков деп көрсетілген.