Жезөкшеліктің алдын алуға болады: мамандар не ұсынады?
Соңғы жылдары өрши түскен криминогендік жағдай елдегі қылмыстың күрт өсуіне және оның әлеуметтік қауіптілігінің жоғарлауына себепші болып отыр.
Қылмыстың көбейе түсуінің бір ұштығы жезөкшелікте жатыр.Ежелгі қазақ қоғамында жезөкшелік құбылысы болған емес, қазақтың ескі әдет-ғұрып заңдары жезөкшелікке жол бермеген. Бүгінгі таңда бұл құбылыс елімізде кең етек алып жатыр және үлкен бизнес құралына айналған. Ал мамандар жезөкшеліктің алдын алуға бірнеше ұсыныстар жасады, - деп хабарлайды Adaladam.kz.
Жалпы жезөкшелікпен әйелдер айналысады, ал қазіргі тәжірибеде жезөкшелікпен ер адамдардың да ақы алып айналысатыны көрініс алып отыр. Бұл кәсіпті жұмыссыздар қатарынан шыққан жеңіл жүрісті әйелдер күн көріс құралына айналдырса, оңай жолмен қаржы табуды көздеген пайдакүнем адамдар тобы жезөкшелікті көлеңкелі бизнестің бір үлкен түріне айналдыруға тырысқан. Жезөкшеліктің ендігі бір бөлігі притон ұстаушылармен бірлесіп жұмыс істеуге мәжбүр болады. Жалданушы жезөкшелер тұрақты жұмыспен, жайлы орынмен қамтамасыз етіледі. Тән саудасынан түскен табыстың ірі бөлігін притон ұстаушылар иеленеді.
Жезөкшеліктің кезекті бір шығу көзі әсіресе, жастар арасында күнделікті интернеттен, теледидардан көрсетілетін лас фильмдер және кез келген бұрышта нәсіпқұмарлық мазмұнда жазылған журнал, газет, әдебиеттердің көбеюі болып табылады. Бұларда махаббат пен эротика өте төмен физиологиялық түсінік ретінде карастырылған. Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жезөкшелікті заңдастыруды жақтайтын және оған қарсы адамдардың пікірталастары қатар берілуде. Кейбір шет мемлекеттердегі тәрізді Қазақстанда жезөкшелікке «лицензия» беріп, притондар үйлерін ашудың зиянынан гөрі пайдалы жағы басым деп дәлелдеушілердің сөздеріне қарағанда «секс индустриясы» өндіргіш күштерінің біраз бөлігі біздің елімізде «еңбектері» бағаланбағандықтан «жұмыс» іздеп шетелдерге кететін көрінеді. Ал, шын мәнінде жезөкшеліктің салдарына келетін болсақ, жезөкшелер дін мен ұлттық салт-дәстүрді аяққа таптап, халықтың ұлттық намысын, туыстарының ар-намысын қорлап, беделін түсіреді. Венерологиялық, одан да басқа жұқпалы аурулардың таратушысы да жезөкшелер екені тәжірибе көрсетіп отыр. СПИД орталығында аурудың вирусын жұқтырған 400-ден аса науқас тіркеуде тұр. Бұлардың 95 пайызы кәнігі нашақорлар және де мерез (сифилис), соз (гонорея), хламидиоз тәрізді т.б. жыныс жолдары арқылы жұғатын ауруларға ұшырағандар жиі кездеседі. Медициналық тексеру барысында 10-12 жастағы жасөспірімдерден соз, мерез және басқа да жұқпалы жыныс ауруымен сырқаттанғандар анықталған.
Жезөкшеліктің тағы бір қоғамға қауіптілігі сол-олардың басым көпшілігі жасанды түсік тастайды, заңсыз аборт жасайды, әкесіз, некесіз туған жас нәрестелерін қараусыз тастап кетеді, ал қыз балаларын өз кәсібіне баулитын жезөкшелер де пайда бола бастаған. Жезөкшеліктің осындай теріс әрекеттері бүкіл жұртшылықты, қоғамды алаңдатуда. Бірақ қазіргі Қылмыстық Кодексте жезөкшенің іс-әрекетіне байланысты оны жауапқа тартуға байланысты бап қарастырылмаған. Қылмыстық Кодексте жезөкшелікпен айналысуға тарту (270 бап), притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны және жеңгетайлық жасағаны үшін (271 бап) қылмыстық жауаптылық қана көрсетілген. Ал жезөкшелердің тікелей өзі теріс әрекеттері үшін тек қана әкімшілік жауапқа тартылады да, қылмыстық жауаптылықтан тысқары қалады.
Осы орайда, мамандар жезөкшеліктің алдын алудың келесідей ұйымдастырушылық- құқықтық шараларын ұйымдастыруды ұсынады:
Біріншіден, өмірде қиын жағдайға ұшыраған әйелдер мен жасөспірімдерге әлеуметтік көмек ретінде арнайы бейімделген орталықтар ашу;
Екіншіден, жезөкшелікпен және жезөкшелікке бейім әйелдермен тәрбиелік жұмыстарды жүргізуді Қазақстан әйелдері қауымдастығының құзіретіне беру керек;
Үшіншіден, жезөкшелікпен қарсы күрес жүргізетін арнайы адамгершілік позициясын құру;
Төртіншіден, жезөкшеліктің адам, қоғам, мемлекет мүддесі үшін зиянды жағын бейнелейтін көрнекті құралдарды шығарып, жұртшылықты таныстыру;
Бесінші, тәрбие, оқу мекемелерінде жезөкшелікке қарсы бағыттайтын оқу құралдарын, түсінік жұмыстарын, оқу бағдарламаларына енгізіп, жастарды бұл қауіпті кеселден сақтандыру;
Алтыншы, жезөкшелікпен айналысқаны үшін Әкімшілік айыппұл мөлшерін өсіру, қайталанған жағдайда қылмыстық жауаптылыққа тарту бабын енгізу;
Жетінші, жезөкшелікпен күрес бағытында нормативтік құқықтық актілер қабылдау.
Айта кетейік, жезөкшелікпен күрес бүкілхалықтық, әрі мемлекеттік маңызы бар іс. Сондықтан бұл бағытта кешенді бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыру үшін қажетті қаржы мөлшері бөліну керек-ақ. Жезөкшелікке қарсы үгіт-насихат жұмыстарымен қатар жезөкшеліктен пайда болатын түрлі аурулардың алдын алу тәрізді медициналық шаралар да ұйымдасқан түрде жүргізілуі тиіс. «Қызға қырық үйден тыйым салу» тәрізді халық педагогикасын қайта жандандырудың қажеттілігі байқалады.