Баланың арнайы орталықтарда дамуын үйде білім алумен салыстыруға келмейді
Елімізде инклюзивті білім беру орталықтары мен ерекше қажеттілікке мұқтаж балаларға арналған мекемелер саны артып келеді.
Балабақша, мектеп, оқу орталықтары, паралимпиадалық спорт түрлеріне арналған секциялар, инклюзияны қолдау орталықтарында қазір 2 мыңнан астам бала оқып жатыр.
Осыдан үш жыл бұрын ел Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.
Нәтижесінде 4 заңға өзгерістер енгізіліп, мұқтаж балаларды барынша қамтуға ерекше көңіл бөліне бастады. Оған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалар санының арта бастағанына айтқан болатын. Ал қолданыстағы заңнамалар қоғам талабы мен түрлі жаңашылдықтарға дайын емес еді. Сондықтан, ол нормативтерді жетілдіріп, өңірлердің ерекшелігін барынша терең қамтуды әрі заманауи стандарттарға басымдық беру туралы тапсырма берді.
Жаңа заңға сәйкес, психологиялық-педагогикалық қолдауға ерекше ден қойылды. Аймақтардағы мектепке дейінгі ұйымдарда түзету бағытында мемлекеттік тапсырыс саны артты. Мәселен, Қостанай облысында былтыр бұл бағыттағы секциялар 2 есеге өсті.
«Қамқорлық» бастамасының үшінші кезеңі аясында еліміздің 8 өңірінде орталықтар ашу жұмысы қолға алынып, қосымша мыңнан астам баланы қамту мүмкіндігі пайда болды. Мұндай мекемелер ақыл-ой бойынша артта қалған түрлі бүлдіршіндерге әлеуметтік қолдау көрсетуді көздейді. Оның әрбірінде 125 балаға қызмет көрсетілмек.
Жуырда Шымкент қаласында аутизм белгілері бар және басқа да психикалық бұзылулармен ерекшеленетін балдырғандарға арналған «Қамқорлық» орталығы ашылды. Дәл осындай орталық сәуір айында Павлодар қаласында да ашылған болатын. Биыл жыл соңына дейін күндізгі стационар негізіндегі мұндай орталықтар Ақтөбе, Жетісу, Жамбыл, ШҚО және Қостанай облыстарында да ашылмақ.
Жаңа заң сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әмбебап әдісті қамтиды. Нәтижесінде, білім алушының даму ерекшелігіне қарай оқу бағдарламалары да барынша икемді, түсінікті болмақ. Соңғы уақытта ерекше білімді қажет ететін балаларды ерте бастан анықтау басты мәселеге айналып отыр. Бұл проблема әсіресе ауылдарда өте өзекті. Мұндай балалардың өз қатарластарынан қалып қоймауы басты орында. Денсаулығындағы кінәрат ерте анықталған жағдайда, оларды тездетіп қатарға қосу да жеңілдей түспек. Дер кезінде қажетті шаралар жасалып, өз замандастарымен бірге балабақша және мектепке баруы маңызды.
Құжат сонымен қатар мектеп басшылығын ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау тәрізді жауапкершілікті сезінуді көздейді. Мұндай балалардың ата-аналарының сөзіне сенсек, олар бұрын мұндай шағын қоғамда болмаған. Әрі жеке мамандармен айналысуға тура келеді. Ал мектептер мен балабақшалар бұған дайын емес болатын. Дегенмен жағдай біртіндеп өзгеруде. Мемлекеттік деңгейде қабылданған іс-шаралар нәтижесінде әсіресе балабақшаларда психологтар, логопедтер, дефектологтарға басымдық беріліп, балалармен жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Үлкен қалаларда бұл жұмысқа медициналық жоғары оқу орындарының дәрігерлері тартылуда. Десе де, мықты мамандар әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан тиісті министрліктер тарапынан әсіресе бейімделген дене шынықтыру (ҚҚҚ) бойынша білім беретін мамандар даярлау қолға алынды. Себебі, балалардың физикалық дамуы бойынша сабақтар керемет нәтиже беріп келеді.
Алда енді мектептердегі сыныптарда ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін мұғалімдерді даярлау мәселесі өзекті. Осы бағытта қазір министрлік тарапынан жеке бағдарлама әзірленуде.
Қалай десек те, баланың арнайы орталықтарда дамуын үйде білім алумен салыстыруға келмейді. Лайықты жағдай бар жерде ғана нақты нәтиже болатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Бұл бала үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де ерекше қуаныш.