«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы жемісін бере бастады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірнеше рет еліміздегі соның ішінде әсіресе білім беру саласына қатысты жобалардың қағаз жүзінде қалып жатқанын сын садағына алғаны белгілі.
Президенттің айтуынша, осының кесірінен миллиардтаған қаржы құйылған жобаның аяқсыз қалып, игілігін халық көрмей жатыр. Осыған байланысты президент мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобалар форматына ауыстыруды тапсырған болатын.
Бүгінде бұл жобалар өз жемісін бере бастады. Солардың бірі - «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты - елдегі ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан балабақша жетіспеушілігі, үш ауысымды мектеп мәселесі сынды проблемалардың шешімін табу. Аталмыш ұлттық жоба негізгі төрт бағыттан тұрады:
Бірінші бағыт - балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамту,
Екінші бағыт – шалғайдағы яғни ауылды жерлердегі білім беру сапасын арттыру,
Үшінші бағыт - балалардың қауіпсіздігі,
Төртінші бағыт – Жоғарғы оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін көтеру.
Сонымен қатар аталмыш жоба үлкен жүк арқалаған бес міндеттен тұрады. Солардың біреуі – мектеп тапшылығы, үш ауысым және мектептерде орын тапшылығы деген түсінікті түбегейлі жою. Осы міндет аясында бүгінде елімізде 2025 жылға дейін жалпы ел аумағында қосымша 1000 мектеп салу жобасы тұр. Соның бірі - жұрт арасында үлкен қолдау тауып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы екені белгілі.
Бүгінде аталмыш жоба аясында заманауи үлгідегі 369 мектеп салу жоспары тұр. Осы мақсатта «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында арнайы қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, сыбайлас-жемқорлық қылмыстар барысында сот шешімімен тәркіленіп, сондай-ақ шетелден мемлекет қазынасына қайтарылған қаржы есебінен болып отыр. Осындай жемқорлардан тәркіленген қаржы есебінен өткен жылдың өзінде 36 мектеп салыныпты. Биыл тағы 25 мектеп пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
«Осы мақсатта апатты деп танылған және үш ауысымды режимде білім алып жатқан мектептер мәселесін түбегейлі жою үшін білім беру саласына бірнеше көзден қаржы тартып отырмыз. Оның біріншісі осы «Жайлы мектеп» атты ұлттық жобасы, Екіншісі - «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен ел аумағында 7 мектеп салынғаны белгілі, биыл тағы 6 мектеп салынбақ», - дейді Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ ол қаржы тартудың үшінші жолы - инвестиция екенін айтады. Айтуынша, соңғы жылдары аталмыш бағыт бойынша инвесторлардың белсенділігі арта түскен.
«Өткен жылдың өзінде ғана инвесторлар есебінен 56 жекеменшік білім ошағы пайдалануға берді. Жалпы айтқанда осындай жекеменшік мектептердің саны бүгінде 667-ге жетіп отыр. Ол білім беру ошақтарында 250 мыңнан аса бала білім алып жатыр», - деді Тамара Дүйсенова.
Мұндай өзгерістер төменгі білім беру мекемелері ғана жоғары оқу орындарында болып жатыр. Студенттердің шәкірт ақылары да көбейіп, ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан жатақхана мәселесі де реттеліп жатыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 10 304 орынға арналған 43 ғимарат пайдалануға берілген. Сол секілді биыл тағы 10 576 орынға шақталған 27 жатақхана пайдалануға берілгелі отыр.
«Олардың он тоғызы жоғары оқу орындары қабырғасында. қалған сегізі колледждерде оқитын студенттер үшін салынып жатыр. Қазіргі уақытта 7 жатақхана құрылысы аяқталды. Олар келері оқу жылында 1540 орын ұсына алады», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.