Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен заңсыз қудалауға ұшыраған боздақтарды ақтау жұмыстары жалғасуда
Осыдан 4 жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихындағы ең ақтаңдақ беттерінің бірі туралы арнайы мәселе көтерген еді
Ол – патшалық Ресей тарапынан болған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі еді. Нақты айтар болсақ, 2020 жылдың қараша айының 24-нші жұлдызында Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы шықты.
Сол уақыттан бері арнайы комиссия құрылып, жемісті түрде жұмыстар жүргізіп келеді. Өңірлік комиссиялар еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар екі қаласын қамтып отыр.
Бүгінгі уақытқа дейін патшалық Ресей тарапынан болған саяси қуғын-сүргін құрбандары мен заңсыз қудалауға ұшыраған боздақтардың ісін қайта қарап, ақтап алу жұмыстары бағытында көптеген жұмыстар жасалып, айналасы екі жылдан кейін 31 томдық жинақ жарық көріп отыр. Аталмыш жинақтарда ХХ ғасырдың 20-50 жылдары аралығындағы репрессия құрбандарының түрлі санаттары бойынша бұрын еш жерде жарияланбаған құжаттар мен бұрын-соңды ашылмаған материалдар жинақталған.
Арнайы комисияның дерегіне сүйенсек, жалпы осы екі жылдың ішінде 2,4 миллионнан астам мұрағат карточкасының құпиясыздандырылған. Құпия құжаттар 1929-1956 жылдар аралығын қамтиды. Сондай-ақ күшпен қоныс аударылғандардың ісіне қатысты 500 мыңнан астам құжат Президент Мұрағатына өткізілген. Солардың ішінде мәжбүрлі, арнайы қоныс аударылғандар және қылмыстық жауапқа тартылғандар есебінде тұрған 311 мың адам ақталды.
Қазіргі уақытта жиырмасынша ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы жұмыс істеп тұр. Мамандар аталмыш қордың базасында 1 миллион 132 мың іс сақталғанын айтады. Болашақта бұлардың барлығын да құпиясыздандыру ісі күтіп тұр. Құжаттардың барлығы да ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратураға қарасты арнаулы мұрағаттардан алынып отыр. Орталық жақын күндері қосымша 700 мыңнан астам іс қабылдап алмақ. Мұнда құжаттарды құпиясыздандыру, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
Статистикалық деректерге сенсек, 1927 және 53 жылдары аралығын қамтыған жаппай қуғын-сүргін кезінде елімізде жалпы саны 125 мыңнан бастам адам репрессияға ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылып кетті. Айдауға түскендер ГУЛаг-тың 20-дан астам лагерінде аяусыз жазаға тартылды. Ал жалпы КСРО бойынша, осындай 953 лагерь жұмыс істеп тұрды.
Қуғыннан қашқан 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге қоныс аударуға мәжбүр болды. ҚР ІІМ арнайы архивінің Ақпараттық-аналитикалық орталығының мәліметінше Ақмола және Көкшетау өңірлерінде түгелдей ауылдар босап, тұрғындары босып кеткен. Бір ғана облысының өзінде 6 832 адам қуғынға ұшырапты. Олардың 6 216-сы ғана ақталған. Қалған 616 адамға қатысты іс әлі ақтауды күтіп жатыр.
Жаппай қуғын-сүргін, қазақ даласын баудай түсірген аштық саласын зерттеп, көптеген еңбектер жазған
белгілі жазушы, Табыл Құлиястың жазуынша, Ақмола өңіріндегі қуғын-сүргін тым өрескел, қолдан ұйымдастырылған айыптаулар мен жалған фактілерге сүйеніп, қамауға алып, соттап, атып кетіп отырған.
«Макин мен Маринов аудандарында «қызыл телпек» деген жасырын ұйым «ашылыпты», оның мақсаты үкіметті құлату деген сықылды лақаппен 101 адамның ісі қаралып, оның 32-і атылып кеткен. Өсек өртін салушы алыстан келген емес ағайын-туыстарының қыжағы, іштей өшпенділігі, жымысқы әрекеті. Ол іс құжаттарда нақты дәлелденбей, өсек-аяңға үкім шығара салынған. Ал, 1937 жылы Қорғалжын ауданында «диверсиялық көтеріліс жасауға бағытталған ұлттық ұйым құрылды» деп лақап таратушылар да ағайын-туыстардың қырғиқабақтығы екен.
Осы іс бойынша жауапқа тартылған халыққа білім беру саласының 25 адамы атылып-кеткен, оның ішінде Қадырбек Майқанов, Сәби Күркенбаев, Мұсабек Төлеубеков, Жүсіп Олжабаев, Сабыр Рахымбеков және басқаларының өмірін қиюға кім жауапты?
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша Ақмола мешітінен 15 адам құрыққа ілінді. Себеп, үкіметке қарсы үгіт жүргізілген делінді. Қартай Өтеуов, Батақ Таңызов, Бекіш Мүқабеков және басқалары жазықсыздан жазаланды. Осыдан біраз жыл бұрын облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетті басқармасының бастығы Е. Исақұловтың газетке жазған дерегі бойынша: 1998 жылдан бергі уақытта 4835 адамның мұрағаттары қайта қаралып, оның 4275-і, мұның ішінде соттан тыс жазаланған 1062 адам ақталған» деп жазатыны бар өзінің Қанжоса ғасыр атты зертеу кітабында.