Кәсіпкерлікті қолдау: Алматыда бетон өндіретін зауыт іске қосылды
Алматыда құйма және өздігінен тығыздалатын бетондарды өндірумен айналысатын инновациялық зауыт іске қосылды.
Ғалымдардың бастамасымен ашылған бұл жобаның ел аумағында баламасы жоқ, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Елімізде баламасы жоқ құйма және өздігінен тығыздалатын бетондарды шығаратын зауытты іске қосу үлкен ыждағаттықты талап еткен. Өндірісті енгізу үшін зерттеушілер тобы 6 жыл бойы зертханалық жағдайда жұмыс істеген. Өздігінен нығыздалатын бетон түрі қарапайым бетоннан құрамымен ерекшеленеді. Бетон күрделілігі жоғары ғимараттарды артық дірілсіз тұрғызуға мүмкіндік береді.
– Бұл өндіріс түрі алыс шетелде біраздан бері қолданылып келеді. Соның ішінде Оңтүстік Корея, Жапонияны атап өтер едім. Бетон шығару саласында жаңашылдық көп. Біздің команданың міндеті жергілікті шикізат компоненттері мен өндіріс қалдықтарындағы бетон қоспасының құрамын қосып, жобалау болды, – деді жоба жетекшісі Данияр Ахметов.
Зауыт өнімі қазақстандық ғалымдардың ғылыми-техникалық зерттеулері мен әзірлемелері негізінде жасалған. Өндіріс алаңынан алыс учаскелерде пайдалану мүмкіндігі мен бетон төсеу кезінде діріл нығыздағыштардың пайдаланылмауы - энергия мен еңбек шығынын айтарлықтай азайтады, - дейді мамандар.
– Зауыттың артықшылығы – Қазақстанда қиын геометриялық пішінді ғимараттарға артық дыбыссыз, артық дірілсіз жүзеге асыра аламыз. Күл қалдығымен жұмыс жасаймыз. Оған химиялық заттарды қосып, цемент қоспасынан өздігінен дайындалатын бетон түрін шығарамыз, – деді зауыттың техникалық қызметкері Абзал Әлихан.
Мұндағы жұмыс толық автоматтандырылған. Инновациялық кәсіпорын жол, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нарығында жұмыс істеу үшін құрылған. Ол озық технологиялармен және жоғары сапалы құйылған модификацияланған бетон өндіруге мүмкіндік беретін, берік, агрессивті ортаға төзімді бірегей жабдықтармен жабдықталған. Жоғары технологиялық материалдарды пайдалану қысқа мерзімде маңызды инфрақұрылымдық ғимараттар салуға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары кезінде туындайтын шу мен діріл деңгейін төмендету еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде аса өзекті. Ал мына жаңа іске қосылған модификацияланған бетон шығаратын зауыттың өнім өндіру қуаттылығы жылына 150 000 куб.метрді құрайды. Осылайша елдегі аталған саладағы қажеттілікті қауіпсіз қамтамасыз ету мүмкіндігі ашылып отыр.
Аталған жобаны қаржыландыруға Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым» қоры грант бөлген. Бұл экономиканың түрлі салаларында инновациялық шешімдерді енгізуге деген ұмтылысты байқатады.