Құқық: Алматының 100-ден аса кәсіпкері мен тұрғыны заңгерлік кеңес алды
Мемлекеттік органдар басшылары мен білікті ерікті заңгерлер қатарынан құралған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ Алматы қаласының 100-ден астам кәсіпкеріне құқықтық кеңес берді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Мобильді топтың негізгі мақсаты – азаматтардың заң консультацияларына қол жеткізуін қамтамасыз ету және олардың өзекті мәселелерін заңға сәйкес жедел шешу.
Халыққа ыңғайлы болу үшін іс-шараны өткізу орны ретінде 340-тан астам бизнес субъектісі орналасқан «Атакент молл» сауда-ойын-сауық орталығы таңдалды.
Мәселелердің көпшілігі салық салу, кедендік әкімшілендіру, жер қатынастары және құрылыс салалары бойынша көтерілді.
Сұрақтардың басым бөлігі кеден бекеттерінің өткізу қабілеті, тауарларды ресімдеудегі шамадан тыс құжаттама, жер қатынастары және құрылыс бойынша көтерілді.
«Біз кәсіпкерлердің алдында тұрған әкімшілік кедергілерді анықтау және жүйелі түрде жою арқылы бизнестің мемлекетпен қарым-қатынасын барынша жеңілдеткіміз келеді. Бұл акция кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жедел ден қоюға көмектеседі деп сенемін.Мұндай диалогтар ШОБ субъектілеріне ғана емес, нарықтың түйткілді мәселелерін бақылау үшін де маңызды. Қазір біз жер қатынастарында, мемлекеттік сатып алуларда, салықтар бойынша көптеген мәселелер бар екенін көріп отырмыз», деді ұйымдастырушылар.
Акция барысында азаматтар 9 білікті заңгер-еріктілерден және қаланың 12 мемлекеттік органдарының басшыларынан тегін құқықтық көмек пен кеңес алды.
Мемлекеттік органдар тарапынан шаралар қабылдауды талап ететін мәселелер Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ерекше бақылауына алынды.
Аталған іс-шара «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» және «Бизнеске жол» жобаларын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Осындай көшпелі консультациялар қаланың басқа да сауда-ойын-сауық орталықтарында жалғасатын болады.
Кәсіпкерлер палатасындағы көрсетілетін қызметтердің барлығы кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға ақысыз, тегін жүргізіледі. Сондай қызметтердің бірі – заң қызметі. Заң қызметі деп жалпылама айтқанымен де оған 12 бағыт түрі кіреді. Атап айтқанда:
– кәсіпорынды (жеке кәсіпкерді) тіркеу, қайта тіркеу, қызметін тоқтатуға байланысты құжаттарды әзірлеу бойынша кеңес беру қызметтері, сондай-ақ осы бағыттағы құжаттарды әзірлеу
– келісім шарттардың жобасын әзірлеу бойынша кеңес беру, құжаттың жобасын әзірлеу;
– азаматтық және еңбек құқығы саласында кеңестер беру;
– құжат айналымын жүргізу бойынша кеңестер беру;
– ұсыныстар бере отырып, құжат айналымының аудитін жасау;
– несиелендіруге бизнес – жоспардан басқа құжаттар пакетін әзірлеу бойынша кеңестер беру, құжаттар пакетін әзірлеу;
– кадрлық құжаттамаларды жүргізу бойынша кеңестер беру;
– ұсыныстар бере отырып кадрлық құжаттамаларға аудит жүргізу;
– құжаттардың ҚР заңнамаларына сәйкестігін тексеруге байланысты кеңес беру қызметтері.