Ғылымға бөлінетін қаражат ұлғаятын болды
Астанада Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес өттті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып, арнайы қатысты. Отырыста Мемлекет басшысы ғылымға ерекше маңыз беру мәселесін көтерді.
Соның ішінде ғылыми жаңалықтарды коммерцияландырудың маңызы зор екенін атап өтті. Мысалы, отандық ғалымдардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайтуға, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуге, сондай-ақ жолдарды біздің климатты ескере отырып қайта жөндеуге және салу мәселесі көтерілді.
«Халық шаруашылығын индустрияландыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан отандық ғылымның шикізаттық сипаты айтарлықтай өзгерген жоқ. Үкімет алдына жаңа экономикалық модель құру міндеті қойылды. Бұл қатарда мұнай кәсіпшілігі қызметтері мен мұнай-химия өнеркәсібі (пластик, көміртекті нанотүтіктер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) үлкен әлеуетке ие болып отыр.
Кеңестің алғашқы отырысында мен Үкіметтың алдына ғылыми институттар мен университеттердің ресурстарын пайдалана отырып, ғылымның ашық және қолданбалы моделіне көшу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырдым. Ғылыми жобалар тек академиялық қажеттіліктерді ғана емес, ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктерін де ескеруі қажет. Ол үшін халықаралық озық тәжірибе негізінде нақты зерттеу басымдықтарын анықтау қажет», - деді мемлекет басшысы.
Президент отырыста ғылымға ден қойған маманға әсіресе жастарға қолдау көрсету керек екенін айтып өтті. Президенттің айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде аталмыш салаға 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданған. Әрі бұл қаржы жыл өткен сайын көбея бермек.
«Түптеп келгенде, Қазақстанды ғылымыөркендеген елге айналдыру мақсаты тұр. Ол әрине– бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөйлеген ғалымдар бірқатар маңызды ойлар айтты. Бастамаларды да мұқият саралайтын боламыз. Жұмыс барысындағы ұтымды ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі.
Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің дамуында көш бастап тұр. Біз осы елдердің қатарына кіру үшін ғылымға ерекше назар аударуымыз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың ең төте жолы ретінде қарастыруымыз керек», - деді Президент.
Айтпақшы, Президент елімізде білікті мамандар мен ғалымдардың аздығына алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, елді әуреге салып отырған су тасқыны кезінде өз саласын жақсы білетін білікті мамандардың жетіспеушілігі қатты байқалған.
«Әсіресе, су тасқыны кезінде елімізде өз саласын жақсы білетін білікті мамандардың жетіспеушілігі анық байқалды. Мен үнемі ғылымның дамуы туралы айтамын. Әрине, ғылымды жалғыз күнде немесе бас-аяғы бірер жылда дамытып жіберу мүмкін де емес. Біздің ғалымдарға ұзақ және көп жұмыс істеуге тура келеді. Өкінішке орай, елімізде ғылымға жылдар бойы тиісті деңгейде мән берілмей келеді. Шынын айтқанда, біз еліміздің бұған дейін қалыптасқан бұрынғы ғылыми әлеуетін, инфрақұрылымын жоғалтып алдық. Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде 40 мыңнан астам ғалым өз саласынан мүлдем бас тартып, басқа салаға кетті. Кейбір жекелеген институттар аман қалғанымен, жалпы алғанда ғылым саласы қатты әлсіреді. Мұның салдары қазірдің өзінде көрініп жатыр. Біз еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуетін қайта қалпына келтіруге тиіспіз. Ал су тасқынына қайта оралсақ, алдымызда бұдан да қиын күрделі де ауқымды жұмыстар тұр. Табиғат апатынан зардап шегіп жатқан азаматтар үшін барлық қолдан келген қажетті жағдайды аямай жасауымыз керек. Бұл әрине қыруар қаржыны қажет етеді. Бірақ соған қарамастан біз халық алдындағы міндетімізді толық орындайтын боламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиын барысында жастар арасындағы ғылымға деген қызығушылықты мектептен бастап ояту мәселесін көтерді. Онсыз ғылым дамымайды.
«Яғни қоғам болып ат салысып ғылым мен білімді ұлықтауымыз керек. Талантты да қабілетті мамандардың ғылыммен айналысып, елге пайдалы іспен айналысыуға жағдай жасау керек. Атырауда өткен Ұлттық конгрестің отырысында да осы мәселеге ерекше тоқталдым. Біз бүкіл қоғам болып ат салысып, ғылымды дамытуға қоғам болып күш салысуымыз қажет. Ғылымға деген құлшынысты мектептен бастап ояту керек. Қоғам болып ғылым мен білімді ұлықтауымыз керек. Қажет болса, ол үшін арнайы құжат дайындайтын боламыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселемен айналысуды тапсырамын. Қазір парламентте «Ғылыми-техникалық саясат туралы» заң жобасы талқылануда. Бұл заң ғылымының дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Жалпы білім мен ғылым озық халықаралық тәжірибеге өте мұқтаж», - деді президент.