Отандық ғалымдар жасаған жаңалық әлем назарын аударып отыр
Елімізде әлемдік медицинаға төңкеріс алып келетін жаңалық ашылды.
Нақты айтар болсақ, инсульт алған адамдар мен сал ауруына шалдыққан жандарға үміт сыйлайтын ғылыми жаңалық ашылып жатыр. Әлемде теңдессіз жаңалық ретінде айтылып жатқан бұл экхо қаңқаны Назарбаев университетінің ғалымдары жасап шығарған. Аталмыш жоба профессор Джамвал Прашанттың жетекшілігімен іске асып отыр. Қазір уақытта жоба сынақтан сәтті өткен. Енді инвестиция тарту және лицензия-құжат жұмыстары ғана қалып отыр.
Енді отандық ғалымдар ойлап тапқан жаңалыққа ойыссақ:
Жоба авторларының айтуынша, аталмыш жаңалық робот технологиясын медицинаға бейімдеу тәсілімен жасалған. Ғалымдар ойлап тапқан экзоқаңқа инсульт алған адамдар мен сал ауруына шалдыққан жандарды емдеуге арналған. Яғни мұндай жандарды емдеп, қайта жүруге мүмкіндік береді. Экзоқаңқа моделі сынақтардың барлығынан сәтті өтіп өндіріске рұқсат алған. Жақында отандық тауар ретінде нарыққа жол тартпақ.
Отандық ғалымдар ойлап тапқан экзоқаңқа науқастың белден аяғына дейін киілетін киім түрінде жасалған. Ол сонымен қатар әртүрлі сезімтал сенсорлар мен электр сымдарынан тұрады. Жоба авторларының айтуынша, ол оңалту емханалары үшін таптырмас құрал болып отыр. Айтуларынша, елімізде мұндай құрылғыны қажет ететін 60-қа жуық оңалту орталығы бар екен. Соның тек бесеуінде ғана швейцариялық робот орнатылған. Себебі, б\мұндай құрылғылар өте қымбат. «Локомат» деп аталатын швейцариялық компания шығаратын мұндай экзоскелеттің бағасы әлемде 450 мың доллардан 1 миллион долларға дейін барады екен. Ал отандық ғалымдар ойлап тапқан мұндай құрылғылар бірнеше есе арзан болмақ.
Жобаға Дүниежүзілік банк пен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігінің грант бөлген. «Бұл адамның жүру қабілетін қалпына келтіруге арналған экзоскелет. Инсульт алған, соның салдарынан аяқтары сал болып қалған адамдарға қажет құрылғы. Яғни адамның аяғына жалғанған және басқарылатын механикалық автоматтандырылған құрылғы.
Физиотерапевтер пациентті күн сайын осы құрылғыға қосып, жүруге жауапты бұлшықеттерді бірте-бірте қалпына келтіреді. Бұл жобаны Назарбаев университетінің белді профессоры Джамвал Прашант басқаратын топ жүзеге асырып отыр. Дүниежүзілік банк пен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігі бөлген грант арқасында осындай жоба іске асып отыр. Осы жерде бір емес үш бірдей жоба жүзеге асырып жатырмыз. Оның ішінде аталмыш экзоскелет яғни оңалту роботынан басқа хирургиялық робот пен жасанды интелелект жобасын медицинаға енгізу секілді жобалар бар», - дейді аталмыш оқу орнының ассистент-профессоры Айбек Ниетқалиев. Айтпақшы, Айбек Ниетқалиев Медициналық робот техникасын зерттеу саласындағы құзырет орталығын басқарады.
Бүгінде жоба сынақтан сәтті өткен. Бірақ тиісті құжаттары мен комерцияға түсіру жұмыстары ғана қалған. Бірақ оның да қиындықтары бар көрінеді.
«Басында бұл жоба біз үшін ғылыми жоба болатын. Жобалау барысында 12 ғылыми еңбек жарияладық. Кейін үлгіге өзгерістер енгізіп, нарыққа ыңғайладық. Қазір жоба толықтай нарыққа шығуға дайын тұр. Бірақ коммерцияландыру оңай шаруа емес. Алдымен өнертабыс ретінде жеке патент алу керек. Біз халықаралық нарыққа жарамды пайдалы модель патентімен шыға алмаймыз. Ең болмағанда еуразиялық патент алуымыз керек. Осыдан кейін құрылғыны Қазақстанда медициналық құрылғы ретінде тіркеу қажет. Сондай-ақ осы құрылғыны нарыққа шығаратын ұйыммен лицензиялық келісім жасау қажет», - дейді ол.
Құрылғыға қажетті механизмдер әзірше 3D принтерден басып шығарылып отыр. Ал металдан жасалған бөлшектері орталықтың шеберханаларында жасалады. Сол секілді экзоқаңқа-роботты басқаруға қажетті компьютерлік бағдарламаның бәрін отандық ғалымдар әзірлеген. Басқарудың түрлі тәсілдеріне де отандық мамандар тартылған. Тек шағын моторлар мен сигнал беретін тетіктерді, жүгіру кілемшесі ғана шетелден алынған. Яғни жобаны толықтай отандық өнім деуге болады.
Басында айтып өткеніміздей, аталмыш жаңалық сынақтан өтіп жатыр. Қазіргі уақытта Қарағандыдағы емханалардың бірінде пайдаға асып отыр. Күн сайын кемі 15 адамды қабылданады.
«Бұл құрылғыны қолдана отырып, бір маман бірнеше адамды қалпына келтіре алады. Әрбір науқастың дене өлшеміне, салмағына және ауру деңгейіне байланысты әртүрлі бағдарламалар қолданылуы мүмкін. Пациент роботқа қосылған сайын қажетті өлшемдерді алып, адамның сауығуын бақылауға болады. Егер науқастың жағдайы жақсара бастаса, біз роботты басқару тәсілін өзгерте бастаймыз. Өйткені, робот адам жасай алатын әрекеттерге араласпауы керек, ол тек мүмкін емес әрекеттерге көмектеседі», - дейді ғалым.
Оңалту барысында науқасты арнайы сенсорлар бақылайды. Яғни экзоскелеттің адам денесімен жанасатын бөліктерінде орналасқан сенсорлар бұлшықеттерді бақылап отырады. Қозғалыс барысында қай бұлшықеттің қозғалып, қай бұлшықеттің жансызданып тұрғанын байқап отырады. Сол секілді қай қозғалыстың қай бұлшықетке пайдалы екенін де білуге болады. Келесі жаттығуларда бұлар назарға алынып, науқастың жазылу жылдамдығына қарай өзгеріп, жеке бағдарлама енгіземіз. Келесі жаттығуда робот адам сияқты жаттығуларды орындайды.
«Науқастар оңалту кезінде VR-көзілдіктер киеді. Осылайша, жаттығу барысында науқастар арнайы көзілдіріктің көмегімен шынайы әлем мен виртуалды әлемнің айырмасы болмайды. Мұны біз когнитивті оңалту дейміз», - дейді ғалым.
Жоба шамамен 10 миллион доллардай инвестицияны қажет кетеді. Жобаға да сұраныс жоғары. Бір ғана Астананың өзінде осындай 30-40 робот керк екен. Ал жалпы Қазақстан бойынша 300 робот қажет.
Осындай құрылғылардың аздығынан қазір елдегі оңалту орталықтарында церебралды сал ауруға шалдыққан науқастардың тек 25 пайызы ғана ем алады екен.
«Бұл робот қол жетімді болса бір физиотерапевтің науқас қабылдау мүмкіндігі артатын еді. Яғни ем алғандардың саны күрт өсер еді», - дейді жоба авторлары.