"Тіл – тек Қазақстанда емес, кез келген мемлекет үшін нәзік мәселе" - Амангелді Құрметұлы

Журналист Амангелді Құрметұлы Тоқаевтың тіл мәселесіне қатысты айтқан ойларын бұрмалап, ел ішінде араздық тудырғысы келетін адамдар табылып жатыр деген пікірде. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Соңғы 2 күнде тіл тақырыбы белсенді талқыланып отыр. Оның өз себептері бар деп ойлаймын. Ең алдымен, тіл – тек Қазақстанда емес, кез келген мемлекет үшін нәзік мәселе. Осы тақырыпта айтылған пікір әрдайым кең резонанс туғызды. Екіншіден, қазақ тілінің мәселесі кеше пайда болмады, тәуелсіздік алғалы бері қазақ халқы үшін өзекті болып келе жатыр. Сондықтан оған қазақ аудиториясы қашанда елең етеді.
Алайда ассамблеяда Тоқаевтың тіл мәселесіне қатысты айтқан ойларын бұрмалап, ел ішінде араздық тудырғысы келетін адамдар табылып-ақ жатыр. Олар бұл әрекетке қай мақсатта барып отырғаны мен үшін белгісіз. Бәлкім қоғамда арандату, келіспеушілік орнатудың жолын іздеп, қарастырып жатқан шығар", - дейді ол.
Оның ойынша, президент нақты айтты, ешкім ешкімге қандай да бір тілде сөйлеуді мәжбүрлей алмайды.
"Бұл – азаматтың құқығы және Конституцияда бекітілген қағидат. Егер көрінген адам өз тілін өзгеге таңа берсе, салдары не болар еді? Оған қоса, меніңше, Тоқаев бұл ойды тек ішкі аудиторияға қаратып емес, сыртқы кеңістікке де қаратып, месседж ретінде жолдады. Неге? Қазір Ресей мен Украина арасындағы соғыс өзінің шарықтау шегіне жетіп қалды. Екі елде де ішкі конфликт жетерлік. Егер біз қазақ тілін саяси мәселеге айналдырсақ, онда кейбір елдердің радикал саясаткерлеріне Қазақстанға қысым көрсетуге жақсы мүмкіндік береміз. Ал әлемде сауда соғысы қызу жүріп жатқанда бұл қысым Қазақстанға керек пе? Жоқ, әрине", - деп жазды.
Амангелді Құрметұлының пікірінше, саясаткер көп жағдайда өз ойын ашық жеткізе бермейді. Себебі елде, шетелде түрлі аудитория бар. Олар саясаткердің әр айтқан сөзін күтеді, шешімін бақылайды. Сондықтан кейде саясаткердің сөзінің астарын да түсіну қажет.
"Қалай дегенмен де, діттегеніміз қазақ тілінің кең етек жайып, шынайы сұранысқа ие болуы емес пе? Соңғы жылдары қазақ сыныптарын таңдайтын оқушыларын санының артуынан, ҰБТ-да қазақ тілін таңдайтын түлектер үлесінің өсуінен-ақ тіл жағдайы жақсарғанын байқаймыз. Яғни, дабыл қағатын жағдай емес. Әрі "көп -қорқытады, терең-батырады" дейді ғой біздің жұрт. Қарамыз көбейіп келе жатыр ғой", - деп жазды журналист.