«Таза Қазақстан»: Астаналық жастар мен экобелсенділер сенбілікке шықты

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері, елордалық жастар мен экобелсенділер «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке шығып, көшелердің бірін қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Adaladam.kz.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің факультет деканы Боранбай Жұмағұлдың айтуынша, «Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениетті қалыптастыратын бірегей акция.
«Сенбілікке студенттермен бірге келдік. Мұнда эколог жастар да бар. Біздің мақсатымыз – өскелең ұрпақтың санасына тазалық тазаланған жерде емес, тазалық сақталған жерде екенін жеткізу. Бүгінгі сенбілік те сол түсінікті қалыптастыруға септігін тигізеді», – деді Боранбай Таңатқанұлы.
Қазақстан Халық партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Жанасыл Көптілеуованың айтуынша, «Таза Қазақстан» – сенбіліктермен шектелмейді, ауқымы кең акцияның алдыға қойған міндеттері қоғамның өмір салтына айналу керек.
«Сенбілікке елордадағы бірнеше университеттің студенттері, эко-клуб мүшелері, еріктілер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді жатысып жатыр. Дәлірек айтсақ, осында 60-қа жуық адам келді. Бұл бір реттік іс-шара емес, бұл жоспарлаған жұмыстың жалғасы. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасының мақсаты айқын, мұраты биік. Жақында Қазақстан халық партиясы «Jas Orta» жастар қанаты Астанадағы ЖОО-лардағы эко-клуб жетекшілері мен студенттік басқарма президенттерімен «Таза Қазақстан» акциясы аясында кездесу өткізген болатынбыз. «Студенттер университет ішіндегі экологияны қалай жақсартады: болашаққа саналы қадам» деген тақырыпты талқыладық. ЖОО ішіндегі экологиялық мәдениет пен қалдықтарды сұрыптаудың маңызы туралы ой өрбіттік. Студенттер эко-акцияларды іске асыру тәжірибесін бөлісті. Осы салмақты басқосуда қабылданған шешімдердің алғашқы қадамы ретінде бүгінгі сенбілік ұйымдастырылып отыр», - деді Жанасыл Көптілеуова.