Қазақ даласындағы тарихи мұралар – туризм көзі

Қазақ даласындағы тарихи мұралар – көшпелі өркениеттің бай іздерін сақтаған бірегей қазына – туризм саласының дамуына елеулі әсер етеді. Ежелгі ескерткіштер, археологиялық қазыналар, ортағасырлық қалалар мен рухани мұра Қазақстанды әлемдік туристік картада ерекше орынға шығаруға мүмкіндік береді. Бұл мұралар туризмді экономиканың маңызды саласына айналдырумен қатар, ұлттық мәдениетті таныту және халықаралық беделді арттыру жолында да үлкен рөл атқарады.
Қазақ даласының тарихи мұралары туристерді өзінің бірегейлігімен және әралуандығымен тартады. Мысалы, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген Тамғалы тас петроглифтері мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі халықаралық туристердің назарын аударатын басты нысандардың бірі. Тамғалыдағы тасқа қашалған суреттер ежелгі өмірдің құпияларын ашса, Түркістандағы кесене рухани туризмді дамытуға серпін береді. Алтын адам табылған Есік қорғаны да археология мен тарихқа қызығушылар үшін тартымды орынға айналған.
Сонымен қатар, Отырар, Тараз, Сауран сияқты Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалардың қирандылары тарихи туризмнің әлеуетін арттырады. Бұл нысандар туристерге көшпелі және отырықшы өркениеттердің тоғысқан нүктесін сезінуге мүмкіндік береді. Мұндай орындар әсіресе Еуропа, Азия және АҚШ-тан келетін тарих пен мәдениет зерттеушілерін қызықтырады.
Тарихи мұраларға негізделген туризм Қазақстан экономикасына оң әсер етеді. Туристердің келуі жергілікті халықтың табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Мәселен, туристік нысандар маңында қонақүйлер, мейрамханалар, қолөнер дүкендері ашылып, шағын және орта бизнес дамиды. Түркістан қаласы соңғы жылдары рухани туризм орталығы ретінде қайта жанданып, инфрақұрылымдық жобалардың дамуына жол ашты. 2022 жылы Түркістан облысындағы туристер саны 1 миллионнан асып, бұл аймақтың экономикасына айтарлықтай үлес қосты.
Шетелдік қонақтар көбіне қазақтың салт-дәстүрлерімен, музыкасымен, ұлттық тағамдарымен танысып, көшпелі өмірдің рухын сезінгендерін айтып жатады. Сондай-ақ көбі киіз үйде түнеу, атқа міну және қымыз ішу сияқты дүниелер ұнғанын жазған. Яғни тарихи мұралар - бұл қазақ мәдениетін әлемге танытудың тиімді жолы.
Тағы бір айта кетерлігі, елімізде туризм жақсы дамып келеді. Бұған мемлекеттің қолдауы оң әсер етіп отыр деуге болады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы және туризмді дамытуға бағытталған стратегиялық жоспарлар осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруда. Мысалы, “Қасиетті Қазақстан” жобасы аясында тарихи және рухани нысандарды туристік маршруттарға қосу көзделген. Цифрлық технологияларды қолдану, виртуалды турлар мен мобильді қосымшалар әзірлеу де туризмді дамытуға серпін берері сөзсіз.