×

Елтаңбаның дүниеге келу тарихы

Даурен Омаров 11.03.2025 | 11:03
Елтаңбаның дүниеге келу тарихы
akorda.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері әлемдік аренада өзіне ғана тән геральдикалық ерекшелігімен ерекшеленетін елдердің бірі болып есептеледі. Нақты айтар болсақ, Жандарбек Мәлібекұлындай хас шебердің қолынан шыққан Елтаңбамыз әлемдік геральдика заңдылықтарынан тыс, таза ұлттық ерекшелікке негізделген туынды ретінде ерекшеленеді. Сол секілді еліміз әлем бойынша Мемлекеттік рәміздерге айрықша құрмет білдіретін елдірдің бірі болып саналатыны тағы бар.

Елтаңбаның дүниеге келу тарихы

Елтаңбада шанырақ, қанатты тұлпарлар және уықтар сияқты элементтер қазақ халқының мәдениеті мен рухын бейнелейді. 1992 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланғанда, Елтаңбаға 300-ге жуық жоба ұсынылды. Солардың арасында Жандарбек Мәлібекұлының №173 нөмірмен тіркелген нұсқасы ерекше көзге түсті. Байқау қорытындысында Жоғарғы Кеңестің 266 депутатының 237-сі оның еңбегін қолдап дауыс берді. Осылайша, 1992 жылы 4 маусымда бұл Елтаңба ресми түрде бекітілді.

Жандарбек Мәлібекұлы байқау туралы «Жас Алаш» газетінен (сол кездегі «Лениншіл жас») білгенін айтады:

«Туға, Елтаңбаға байқау жарияланды, сыйақы 20 мың рубль деген хабарды бір айдан кейін естідім. Сол кезде ‘қазақтың өз мәдениеті, салт-дәстүрі жоқ, көшпенділер’ деген пікір қоғамда кең таралған еді. Мен намысқа тырысып, қазақтың болмысын Елтаңба арқылы дәлелдегім келді. Жеңемін деген ой болған жоқ, тек кәсіби деңгейімді сынағым келді», - дейді Жандарбек Мәлібекұлы.

Елтаңбадағы шанырақ, уықтар және қанатты тұлпарлар қазақтың ғасырлар бойғы мәдениеті мен рухын бейнелейді. Бұл рәміз кеңестік жүйенің таңбаларынан мүлде бөлек, ұлттық бірегейліктің жарқын көрінісіне айналып сала берді.

Әрине сол Елтаңбамыздың өмірге келуі де оңайға түспеген. Алғашқы макеті Өзбекстанда дайындалды. Диаметрі 2 метр болатын бұл үлгіні тасымалдау оңай болмағандықтан, оны Шымкенттен жалданған «КамАЗ» жүк көлігімен Алматыға жеткізген. 1992 жылы 4 маусымда өткен Жоғарғы Кеңестің отырысында 5-6 сағатқа созылған қызу талқылаудан кейін Жандарбек Мәлібекұлының жобасы таңдалды. Ол жобада қазақтың ұлттық болмысын айшықтайтын элементтер – шаңырақ, уықтар, қошқар мүйіз, тұлпарлар және бес бұрышты жұлдыз қолданылды.

Елтаңба уақыт өте келе бірнеше рет жетілдірілді. Алғашқы нұсқасы пенопластан жасалса, 1997 жылы қоладан құйылған 32 келілік үлгісі Астанаға жеткізілді. 2004 жылы гипстен жасалған нұсқа пайда болды, ал 2006 жылы Жандарбек Мәлібекұлы Елтаңбаның элементтеріне ғылыми атаулар беруге кірісті. 2008-2014 жылдар аралығында ол Метрология және стандарттау комитетімен бірлесіп, Елтаңбаның 40-тан астам элементіне «қошқар мүйіз», «желбау», «кереге», «тұлпар жалы» сияқты тарихи атауларды бекітті. 2014 жылы жаңа стандарт қабылданды, бірақ ол 2017 жылға дейін толық қолданысқа енбеді.

Жандарбек Мәлібекұлы Елтаңбаны жасау барысында қазақтың «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілегінен шабыт алғанын айтады.