Жандарбек Мәлібекұлымен кездесу: Елтаңба – ұлттық рухтың айнасы

«Алғыс айту» күні қарсаңында Еуразия Ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші, «Барыс» орденінің иегері, университет профессоры Жандарбек Мәлібекұлымен кездесу өтті. Бұл шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Кездесуді Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасы мен Геральдикалық зерттеулер орталығы ұйымдастырды.
Кездесу барысында Жандарбек Мәлібекұлының шығармашылық жолы, мемлекеттік рәміздерді жасаудағы рөлі және оның идеялық ұстанымдары талқыланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – мемлекеттік рәміздерді дәріптеу, олардың жасалу тарихын тереңірек зерттеу және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңызын түсіндіру.
«Геральдика – бұл тек өнер немесе тарих емес, ол ұлттық мүдде мен саясаттың бөлшегі. Оны тану бір бөлек, ал насихаттау – мүлде басқа дүние. Бұл жай дизайн емес, тұнып тұрған өнер», – деп атап өтті белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы.
Дихан Қамзабекұлы Елтаңбаны ешкімге ұқсамайтын ғажайып туынды деп бағалады.
«Жандарбек Мәлібекұлы жасаған Елтаңба – жай рәміз емес, ұлттық танымның, мифологияның және түйсіктің жиынтығы. Шанырақ, уықтар, қанатты тұлпарлар сияқты элементтер қазақтың ғасырлар бойғы мәдениеті мен рухын бейнелейді. Бұл рәміз кеңестік жүйенің таңбаларынан мүлде өзгеше, ұлттық рухтың айнасы. Автордың өзі осы рухтың сәулетшісі болып табылады», – деді ол.
Сондай-ақ, ғалым әрі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы Елтаңбаның әлемдік геральдика заңдылықтарынан тыс екенін айтты.
«Жандарбек Мәлібекұлы – қазіргі заманның Шәмшісі, Жұмекені сияқты ұлы тұлға. Арамызда Шәкен Ниязбеков пен Шота Уәлиханұлы сияқты ағаларымыз жоқ, ал тірі тарих, тірі аңыз ретінде Жандарбек ағамыз ғана бар. Оның Елтаңба жобасы Өзбекстанда басталып, Қазақстанға әкелініп, байқауда жеңіске жетуі – үлкен ерлік. Бұл рәміз тарихымызды тірілтіп, ұлттық танымымыз бен мифологиямызды бойына сыйғызған ғажайып туынды», – деп түсіндірді Серікзат Дүйсенғазы.
Шара соңында «Жандарбек Мәлібекұлы және Елтаңба» атты танымдық деректі фильм көрсетілді. Кездесу жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға терең әсер қалдырды.
Жандарбек Мәлібекұлы өз сөзінде: «Ұлы дала мәдениетіндегі алғыс айту, көрісу, бір-біріне құрмет көрсету – керемет дәстүр. Бұл халқымыздың дамуына, бірігуіне, жастарға рухани дем беруге үлкен септігін тигізеді. Осы шараны ұйымдастырған Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Еуразия Ұлттық университетіне алғысым шексіз», – деп атап өтті.
Бұл кездесу мемлекеттік рәміздердің ұлттық мәдениеттегі орнын тереңірек түсінуге және оларды дәріптеуге бағытталған маңызды шара болды. Жандарбек Мәлібекұлының Елтаңбасы – тек рәміз ғана емес, қазақ халқының рухани мұрасы мен тарихының жарқын көрінісі.