Референдумдар елдің болашағын қалай қалыптастырады: іс-жүзіндегі халық таңдауы
Референдум – азаматтарға тағдыршешті шешімдер қабылдауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін демократияның маңызды құралы

Қазақстанда соңғы 34 жылдың ішінде төрт референдум өткізілді, олардың әрқайсысы елдің саяси жүйесінің дамуына айтарлықтай әсер етті. Алғашқы үшеуі саяси мәселелерге арналса, соңғысы экономикалық салаға қатысты болды. Бұл референдумдар арқылы қоғам тек мемлекеттік шешімдерге ықпал етіп қана қоймай, елдің саяси ландшафтын қалыптастыруға да белсенді атсалысты.
Референдумдарға қатысу деңгейінің динамикасы қазақстандықтардың саяси процестерге қатысуының артып келе жатқанын көрсетеді. Көзқарастардың әртүрлілігі, қоғамдағы белсенді талқылаулар мен жоғары деңгейдегі қатысу референдумдардың формальды рәсім емес, керісінше халықтың шынайы пікірін білдіретін маңызды құралға айналғанын айғақтайды. 2022 жылғы Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізу жөніндегі референдумда халықтың 68,05%-ы дауыс берсе, 2024 жылы атом электр станциясының құрылысына қатысты өткізілген референдумда бұл көрсеткіш 63,66%-ды құрады.
2022 жылғы референдум Қазақстандағы саяси өзгерістердің бетбұрысты кезеңіне айналып, билік тармақтары арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйесіне көшу үдерісін бастады. Конституцияға 56 түзету енгізіліп, олар қоғамды демократияландыруға бағытталды: президенттік өкілеттік мерзімі жеті жылдық жалғыз мерзіммен шектелді, Мемлекет басшысының саяси партияға мүшелігіне тыйым салынды, ал оның жақын туыстарына жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленуге шектеу қойылды. Бұрын тек консультативтік орган болған Конституциялық Кеңес дербес Конституциялық Сотқа айналып, азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейі айтарлықтай артты.
Жаңартылған саяси жүйе Парламенттің рөлін күшейтіп, мемлекеттік басқаруды жаңғыртты, қоғамдық бақылау мен жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейтті. Мемлекеттік шығындарды бақылау, жер мәселелерін реттеу және саяси процестердің ашықтығын арттыру бойынша жаңа тетіктер қабылданды.
2024 жылғы референдум тарихи оқиғаға айналды: алғаш рет азаматтар саяси емес, стратегиялық мәселе – Қазақстанның энергетикалық болашағы бойынша шешім қабылдады. Халықтың белсенділігі мен дауыс беру үдерісіне кеңінен қатысуы қоғамның маңызды шешімдерді қабылдаудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетті.
Әлемде орын алып отырған өзгерістер мен бетбұрыстар референдум өткізу ережелерін жетілдіру қажеттігін туындатты. 2024 жылы осы бағытта нақты қадамдар жасалып, жаңа реформалар енгізілді. Олар референдум барысының ашықтығын арттыру мен халықтың оған деген сенімін нығайтуға бағытталған. Негізгі өзгерістердің қатарында – ұлттық және халықаралық байқаушылардың құқықтарын нақты бекіту, комиссия мүшелерінің еңбекақы жүйесін қайта қарау арқылы олардың жауапкершілігін арттыру, бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау учаскелеріне еркін қолжетімділігін кеңейту бар. Сонымен қатар, азаматтардың пікірін бағалау үшін қоғамдық пікір сауалнамалары енгізіліп, бюллетеньдер саны 1% резервімен басып шығарылатын болды. Референдум комиссияларының шешімдерін даулау тәртібі нақты реттеліп, сайлаушылардың құқықтарын қорғау күшейтілді.
Қазақстанда референдумдар өткізу тәжірибесі билік пен халық арасындағы өзара іс-қимылдың нығая түскенін көрсетеді. Алдағы уақытта қолданыстағы реформаларды нақтылау және жетілдіру, қоғамдық бақылауды күшейту және демократиялық стандарттарды одан әрі арттыру мақсатында жаңа референдумдар өткізілуі мүмкін. Олардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық базаны жетілдіру, рәсімдердің ашықтығын арттыру, халықтың құқықтық мәдениетін дамыту және азаматтарды саяси үдерістерге белсенді тарту маңызды болмақ.