«Киік «атқан» жүздеген адамды түрме шығарамын» – депутат
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан киік атты деген баппен сотталған бірқатар азаматтың бостандыққа шығатынын мәлімдеді.
Ол Adal adam youtube-арнасына берген сұхбатында кей үкімді заңсыз деп атап, 100-ге жуық азамат босатылатынын айтты.
«Батыс өңірде киік ату, қызылбалық аулауға қатысы заңсыз сотталған азаматтар бар. Олар маған үміт артып отыр. Екі жыл бойы осы іспен айналысып, шешімін тауып келемін. Орал жұртшылығына бара жатырмын. Құр бара жатқан жоқпын, 100 деген адамды бостандыққа шығаруға қатысты нақты шешіммен бара жатырмын. Заңға өзгеріс енгіздім», – деді ол.
Заңгер қылмыстық заңда қателік барын атап, киікті атқан адам мен киік етін сатып алғандарға бірдей жаза қолданылуды бұрыс шешім деп көрсеткен.
«Қазіргі уақытта киік ату бойынша сотталған азаматтар 1000-ға жуықтайды. Олар киікті атқан, заңсыз аулаған адамдар емес. Қазіргі сот тәжірибесінде киік етін сатқан, сақтаған, сатып алған, тасымалдаған азаматтардың бәр бір бап бойынша сотталып жатыр. Оларды киік атып, табиғатқа зиян келтіргенмен теңестіруде», – деді.