Мешіт жамағаты су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созып жатыр
Елімізді әуре-сарсаңға салған су тасқыны әлі де бой бермей жатыр
Қаншама күш жұмсалып, техника тартылса да қарғын судың беті қайтар емес. Күллі ел болып күресіп жатыр. Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жұрт бір кісідей ат салысып, қолдан келген көмегін жасауда. Әрине, мұндай сауапты іске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ат қосып жатыр.
Бүгінде Ақтөбе облысының көптеген аудандары су тасқынынан зардап шегіп отырғаны белгілі . Олардың қатарында Ойыл, Мәртөк, Қобда аудандары бар. Осыған байланысты өңірде мешіттер жанынан имамдар мен дін қызметкерінен құралған еріктілер тобы құрылып, тасқын су астында қалған елді-мекендерге көмек ұйымдастыруда. Сондай-ақ ҚМДБ-ның «Зекет» және «Қайырымдылық» қоры және жергілікті тұрғындар атынан облыс пен облыс орталықтары, қала, аудан және ауылдарындағы су апатынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіп жатыр.
Нақты айтар болсақ, еріктілер тобы су астында қалған Ойыл, Мәртөк, Қобда ауданына қарасты елді-мекен тұрғындарына ыстық тамақтар мен сусындар, көрпе, төсек-орын секілді тұрмыстық заттар, киім-кешек жеткізіліп жатыр. Сол секілді еріктілер су апатының алдын алу үшін ішіне топырақ толтырылған қаптардан арнайы қоршаулар жасауға ат салысуда.
Қайырымды жамағат пен дін өкілдері күндіз-түні еңбек етіп, облыстағы барлық мешіттердегі имамдар жамағатпен бірге намаз оқып, су апатымен күресу үшін халықтан көмек сұрап жинауға көшті.
Мұндай сауапты істер еліміздің барлық өңірінде жасалып жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы бойынша су астында қалған Қостанай облысына да көмек келіп жетті. «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Арқалық қаласы, Жангелдин және Амангелді аудандарында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға азық-түлік пен киім-кешек, қажетті тауарлар үлестіріліп жатыр. Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Тәжімбет су басқан аймақтарды аралап, болған жағдайды өз көзімен көрді. Жергілікті тұрғындардың жағдайымен танысып, халықтан жиналған азық-түлік пен қажетті заттарды үлестірді.
Сол секілді өңірдегі іскер азаматтар да өз үлестерін қосып жатқанын айта кету керек. Мәселен, «Бест Уно» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Оля Агро» басшылары ұн мен басқа да халық тұтынатын тауарларға демеушілік жасап отыр.
Айтпақшы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына сапары барысында Орталық мешітте Құран хатым түсіріп, дұға жасағаны белгілі болып отыр.
Бас мүфти өз дұғасында елге амандық тілеп, ел игілігі үшін еңбек еткен ғалымдардың, ахун-ишандар мен әулиелердің, Алаш қайраткерлерінің және барша бабалардың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.
«Уа, Алла Тағала! Осы оқылған қасиетті Құран аяттарының нұрымен халқымызды, елімізді, жерімізді нұрға бөлей гөр. Халқымызды табиғи апаттардан, зілзаладан, топан судан, өрттен, кеселден, түрлі індеттерден аман сақтай гөр! Алматы қаласын, бүкіл қазақ даласын жер сілкінісінен сақтай гөр. Жер бетін бүлік пен апаттан аман еткейсің.
Уа, Алла! Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстарында тасқын судан жапа шеккен жерлестерімізге Өзің жар болғайсың. Олардың басына келген сынақтың соңын қайырлы ете гөр. Жерімізді тасқын судан сақтай гөр» деп дұға етті Бас мүфти.
Басында айтып өткеніміздей, елімізді әуре-сарсаңға салған су тасқыны әлі де бой бермей жатыр. Бүгінге дейін қарғын су құрсауында қалған аймақтардан 11 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Тоғыз облыс су тасқынымен арпалысып жатыр.
Мемлекет басшысы Тоқаев та арнайы жиын өткізіп, су тасқынынан зардап шекеен барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтып жатыр.
Арнайы штабтың мәліменіше, бүгінде 5 456 адам уақытша орналастыру бекеттеріне орналасқан. 40 автожолды су шайып кеткен, көпірлер құлап, елдімекендермен көлік қатынасы үзіліп қалған.
Жалпы құтқару жұмыстарына 7 мыңнан астам адам, 2000 техника және әуе кемелері тартылды.