Жусаннан жасалған әтір
Бесінші сынып оқушысы қарапайым жусан өсімдігінен иіссу жасап шығарды
Ақмола облысы, Ақкөл ауданына қарасты Кеңес ауылындағы орта мектептің бесінші сыныбында оқитын Альбина Айдарханова өзінің бұл иіссуына "Елім-ай" деп ат қайған. Альбина өн бойына қазақтың дархандығын сыйдырған бұл хош иісті әтірін күллі әлемге Қазақстандық бренд ретінде танытып, насихаттауды мақсат тұтып отыр.
Альбинаның бұл жаңалығы республикалық деңгейде өткен ғылыми жобалар байқауында "Химия, биология" секциясы бойынша үздік жоба ретінде танылған. Жас өнертапқыштың айтуынша, оны ерекше хош иіс жасауға көне аңыздарда айтылғандай, Қазақ топырағында туып, сонау Египет елін билеген атақты Сұлтан Бейбарыстың "Жусанда туған жердің иісі бар" деген сөзі шабыт берген. "Бейбарыс бабамыздан қалды делінетін осы сөзді естігеннен кейін туған жердің иісі бар әтірді жасап шығаруға бел байладым", - дейді өнертабыс иесі.
Бұл жұмысқа өзінің ұстазы жетекшілік жасаған. Қазақ даласының хош иісі сақталған бұл парфюмерияға бастан-аяқ табиғи ингредиенттер пайдаланылған.
"Біз әтір жасау тәсілдерін үй жағдайында зерттедік. Алдымен жусанның түрлерімен таныстық. Осылайша, жинаған тәжірибемізді практикалық тұрғыда қолдану барысында әтірдің негізін алдық. Негізінен парфюмерия жасау барысында әтірдің басты нотасы ретінде хош иісті гүлдер таңдалынып жатады. Ал біз керісінше оның орнына қарапайым жусан өсімдігін таңдадық. Себебі табиғи жусан өсімдігінің тұнбасы адамның иммунитетін көтереді, тәбетін ашады сол секілді асқазан-ішек жолдарының қызметін жақсартып, жүйке жүйесін тыныштандырады, түрлі шаншу мен құрысуларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізетіні белгілі", – дейді жоба жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметова.
Жусан – құнарлы мал азығы, емдік, бояғыш, тағамдық, дәруменді, эфир майлы өсімдік. Жалпы жусан өсімдігінің емдік қасиеті ежелден белгілі. Жусанның бүгінде 82 түрі бар. Олардың барлығы да қазіргі таңда індетке дәрілік мақсатында мұқият зерттелуде. Бір ғана қазақ даласында бұл шөптің 20-дан астам түрі өседі екен. Олардан ғалымдар алуан түрлі сығындылар алып жатыр. Қазақстанда алынған мұндай сығындылар өте қымбат бағаланыд. Әсіресе, Қытай тарапынан сұраныс жоғары. Өте қымбат дәрілер шығарады.
Жусан қазақ халқы үшін киелі өсімдік болып саналады. Жусанның тек Қазақстанда ғана өсетін түрі бар. Ол көбіне дәрілік өсімдік ретінде пайдаланылады. Оңтүстік аймақтарда өседі.Табиғатта жапырақтары мен сабағын жеуге болатын жусан түрлері кездеседі. Құрамында гликозидтер, фабонидтер, органикалық қышқылдар, микроэлементтер мен дәрумендер бар.Жусанның емдік қасиеті әртүрлі ауруларға: асқазан-ішек жолдары, гастрит, тері ауруларына тиімді ем болып саналады.
Соңғы кездері жусан өсімдігінің қатерлі ісік ауруын емдей алатыны анықталып отыр. Осы мақсатта осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Серғазы Әдекеновтің жетекшілігімен жусаннан «Арглабин» деген дәрі жасалғаны белгілі. Қазір бұл препарат АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Германия, Швеция және басқа елдерде кеңінен таралып, қатерлі ісікке қарсы қолданылып келеді. Мамандар жусанның әсіресе өңештің қатерлі ісігіне таптырмас ем екенін айтады. Сонымен қатар, жусан бауыр ауруларын, оның ішінде В және С гепатиттерін емдеуде қолданылады.