Шымкентте жастар ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті
Шымкент қаласында Тәуелсіздік күніне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға орай, дәстүрлі садақ ату және ат спорты түрінен ашық турнир ұйымдастырылды

Қазіргі таңда елімізде ұлттық ойындар жастар арасында қарыштап дамып келеді. Сайын даланы мекендеген ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан бұл спорт түрлерін өркендету үшін жаңаша бағытта жұмыстар атқарылуда.
"Садақ ату жарысы жастардың спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, қатысушылар арасындағы достықты нығайтты. Мұндай шаралар өскелең ұрпақты белсенді өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға баули отырып, жағымды ахуал туғызады. Садақ атуға қатысқан жастар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді, бұл жақсы жаңалық. Олар мәдени дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын түсінеді және осы құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге белсенді түрде ұмтылады. Әрбір жаңа жарыс өткен сайын бұл спорт түріне жанкүйерлердің қатары артып келеді, бұл оның жастарды тәрбиелеудегі және олардың тұлғасын нығайтудағы маңыздылығын көрсетеді", -дейді дәстүрлі садақ ату спорт түрінің жаттықтырушысы Жәнібек Қумырзаев.
Жүлде алған спортшылар садақ ату спорт түрі демеушілері белгілеген сыйлықтар мен тисті деңгейдегі медаль, дипломдармен марапатталды.
Екінші турнирге ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының командалары қатысты. Жалпы, 4 деңгей бойынша бақ сынаған қатысушылардың сайысы 2 күнге созылды.
- Жарысты Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубына жүктелген. Жарыстың төрешілігін Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының бекіткен төрешілер алқасы жүргізді. Жарыс Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2023 жылға бекіткен конкур ережесіне сәйкес өткізілуде. Әр қатысушының аты-жөні,жарысқа қатысуға жарамдылығын растайтын және турнирге жіберілгені жөнінде дәрігердің рұқсат мөрі қойылған түпкілікті өтінімдерін көрсетуі қатаң бақылауда болды. Сондай-ақ, әр команда өкілі және төрешілері конкур ережесін толық білуі міндетті,-деді Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков.
Бабы бен бағы қатар шапқан Юлия Иванова мен Диана Волкова ересектер арасында бірінші болып келді. Жарыс жолында топ жарып мәреге бірінші болып жеткен шабандоздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.