Қазақ тілі ғылым тіліне айналып келеді
Соңғы кездері елімізде қазақ тілі ғылым тіліне айналып қана қоймай, соның ішінде жасанды интеллектің сенімді серіктесіне айналып үлгерді
Оған мысал ретінде қазақ ғалымдары жасап шыққан ChatGPT чат-ботының отандық прототипін айтуға болады. Сонымен қатар әр-түрлі телеграм каналдардағы боттармен еш қиындықсыз ана тілімізде сөйлесетін болып жүрміз. Әрине, бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекелестікке қатысуы керек деген тапсырмасы да әсер еткені белгілі.
Енді осы қазақ ғалымдары жасаған жасанды интеллект саласындағы жетістіктердің біразына тоқталып көрсек.
«Kazak ASR» жобасы. Бұл да қазақ тілінің дауыс хабарламасын мәтінге айналдыратын бірегй жүйе болып отыр. Жобаның авторы - Өркен Мамырбаев есімді ғалым. PhD. Аталмыш жоба қазіргі таңда Телеграм-бот ретінде тұрақты жұмыс істеп тұр. Ғалымның айтуынша, болашақта қазақ тілін интеллектуалды сана деңгейіне дейін көтеріп, дамытуға болады. «Қазір әлемдік нарыққа шығарудың кешенді ғылыми алгоритмін жасап жатырмыз», - дейді автордың өзі.
«Сонымен қатар, бұл жобаның зағип жандарға да пайдалы тұстары жетерлік. Болашақта бұл жүйені Eqov-порталына қарай интеграциялауды жоспарлап отырмыз. Яғни, алдағы уақытта алғыңыз келген құжатты бірден аудио арқылы сұратып алуыңызға мүмкіндік туады. Бұл әсіресе, зағип жандарға өте қажет деп ойлаймын. Расын айту керек, бұл аса қажетті құрал. Мәселен, көлік айдап келе жатқан адамның хабарлама жаза алмайтыны белгілі. Сол секілді жиналыста немесе тойда отырған адамның мәтін-хат жазуға мүмкіндігі тағы бола бермейді. Міне, осындай кезде аудио арқылы мәтінге айналдырып, еш кедергісіз хат жібіре аласыз.», - дейді Өркен Мамырбаев.
Ол сондай-ақ бұл жобаның бұл кәдімгі Siri мен Алисаның қазақша нұсқасы бола алатынын айтады.
«Кез келген роботтандырылған қызметшінің рөлін еш кедергісіз атқара алатын толыққанды жасанды жүйе ретінде қолдануға болады. Яғни оны түрлі қызмет көрсету орындарында орналастыра беруге болады. Мәселен, банк жүйесінде.Осылайша, әрбір келушіге оптимальді төлем жолдарын ұсынып, басқа да қажетті функцияларға іске асыруға таптырмас мүмкіндік болар еді», - дейді ол.
Сол секілді сарапшылар бұл жобаның болашақта интерфейс пен ID-бақылау мақсатында даму мүмкіндігі бар екенін жоққа шығармайды.
«Әрине, біз бұл жүйені әлі де жетілдіре түсетін боламыз. Сонымен қатар түрлі есеп пен міндет орындату жағын қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, кез келген адамның дауысына идентификация жасау секілді жоспар бар. Яғни болашақта адамның дауысын тани алатын жоба жасау. Осылайша, телефонды «менмін» деп дауыстап айту арқылы бұғаттан ашуға мүмкіндік туады», - дейді ол.
Сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жасап шыққан «Qazgramma» платформасы сарапшылар тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Аталмыш құрал жазылған мәтіннің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді. Жоба әлемдік нарықта танылған Grammarly сервисінің баламасы ретінде ұсынылып отыр.
Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, цифрлық бағытта қолданылатын тілдің келешегі зор.
«Жасанды интеллектің негізгі өзегі – тіл екені белгілі. Яғни цифрлық әлемде дамып келе жатқан кез келген тілдің болашағы зор болатыны даусыз.Сондықтан мемлекетіміз тіл өзгеше, нарыққа лайық тіл моделін жасауға талпынып отыр. Бір жағынан бұл халқымыздың дәстүрлі түрде қалыптасқан тарихи, орфографиялық, орфоэпиялық мәдени мұрасын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Екіншіден тілді дамыту саласында жаңашылдықты дамытып, белгілі бір алгоритмдерді қалыптастыру үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Ал онсыз шын мәнінде де тіліміздің болашағы мүшкіл болып қала береді. Биыл біз осы мақсатта «Kazakh LLM» жобасын және жасанды интеллект алгоритмдерін құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Яғни тілді дамытудың жалғыз –олы жалғыз жолы жаңа технологияларды белсенді игеру деген сөз», – дейді министр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандарының айтуынша, отандық ғалымдар, соның ішінде мектеп оқушылары ойлап тапқан жаңалықтарға шет мемлекеттер тарапынан қызығушылық жылдан жылға артып келеді.
Сонымен қатар, мұндай жаңалықтардың алды қаржы әкеле бастағанға ұқсайды. Бір ғана NIS (Назарбаев зияткерлік мектебі) оқушылары өз өнертабыстарын монетизациялау бойынша қазірдің өзінде 200 миллионнан аса қаржы тауып үлгерген. Бұл әрине, үлкен көрсеткіш. Бұлардың ішінде нәрестені шомылдыруды жеңілдететін құрылғы, қант диабетінің асқынуын болдырмауға арналған тәсіл секілді үлкен жобалар да бар. Ең бастысы, бұл жаңалықтардың барлығында да қазақ тілінің үлесі бар болып отыр.