«Халық ақымақ та, бір министр ақылды ма?» — депутат уақыт белдеуі туралы
Депутаттың пікірінше, уақыт белдеуін заң аясында бекіткен жөн.
Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов «Adal Adam» youtube-арнасына берген сұхбатында уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді. Депутат қазіргі уақыт белдеуінің кей өңірге қолайсыз екенін айтып, алдын ала ұсыныс білдіргенін жеткізген.
«Уақыт белдеуі мәселесін AMANAT партиясының фракциясында қарадық. Бірнеше ұсыныс айттым, тіпті қысқы-жазғы уақытты қайтаруды ұсындым. Себебі бұл өзекті мәселе еді. Мысалы, Қатонқарағайда 14:25-те күн батып кетеді», — деді ол.
Депутаттың пікірінше, уақыт белдеуін заң аясында бекіткен жөн. Бұл алдағы уақытта мәселе көтерілмеуіне әрі лауазымды тұлғалардың тағы уақыт белдеуін өзгертуіне жол бермейді.
«Уақыт белдеуін реттеуді Үкіметтің де, депутаттардың да құзырына бермеу керек. Мұны заңмен реттеу қажет. Сонда субъективті фактілер уақыт белдеуіне әсер ете алмаушы еді. Алайда Үкімет алдымызды орап кетті», — деді Тұмашинов.
Сондай-ақ депутат Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің уақыт белдеуі мәселесін көтерген кей азаматты сынағанына қатысты ойын айтқан.
"Әлеуметтік желіде арнайы білімі мен құзыреті жоқ адамдар жағымсыз пікір қалыптастырып жатыр" деген министр аргументі депутаттың намысына тиіпті.
«Бұл пікірге намыстандым, әрине. Бірақ жауап ретінде "Бір министр ақылды да, бүкіл халық ақымақ па?" деп айттым. Мен әлі өз пікірімдемін. Бұл мәселені әлі көтеремін», — деді депутат.