Шымкенттік оқушылар әлемді алаңдатқан экология мәселесінің шешімін тапты
Бүгінде елімізде ғылыми жаңалық ашып, әлемнің назарын аударып отырған ғалымдарымыз аз емес
Ең қызығы сол ғылыми жетістігімен әлемді мойындатып отырған мұндай ғалымдардың біразы мектеп оқушылары болып отыр.
Мәселен жуықта ғана отандық ғалымдар пластикпен коректенетін бактерия ойлап тапқаны белгілі. Әлемде теңдесі жоқ экологиялық ғылыми жаңалық деп танылған бұл жобаны Шымкент мектебінің оқушылары ойлап тапқан.
Нақты айтар болсақ, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары болып отыр. Болашағынан үлкен үміт күттірген бұл ғалымдар Парижде өткен гендік-инженерлік машиналар халықаралық байқауында алтын медальмен оралды.
Сарапшылардың айтуынша, табиғатта пластикпен коректенетін бактериялар кездеседі. Бірақ олардың өсіп-өнуі өте баяу, яғни метаболикалық процестері тым кеш жүреді. Ал біз сөз етіп отырған оқушылар осы процесті жылдамдатудың тура жолын ойлап тапқан. Керек болса, табиғатта пластикпен коректенетін бактерияның өзін де оқушылар шығарып алған.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде оқушылардың бұл жобасына сұраныс түсе бастапты. «Аталмыш жобаға қызығушылық өте жоғары. Жақында қоқыс өңдейтін зауыттардың бірі жобаға қызығушылық танытып та үлгерді. Өйткені, пластик ғасырлар бойы ыдырап, қоршаған ортаны ластайтыны белгілі. Прототипті оқушылар өздері жасады. Адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиянсыз Pseudomonas putida сияқты бактерия бар, оның ыдырауына жауап беретін Ideonella sakaiensis бактериясының генін алуды жөн көрдік. Біздің бактериялардың метаболизм жылдамдығы жоғары болады. Мәселен, бактериялардың бір граммы биореакторда 1-2 сағат ішінде 80 грамм пластикті ыдыратады. Осылайша әлемді алаңдатқан экология мәселесін оңтайландыруға мүмкіндік тумақ», - дейді жобаның ғылыми жетекшісі, биолог Жанна Өтебаева.
Тағы бір айта кетерлігі, пластикпен коректенетін бактерияларды көбейтудің жолы ашық табиғатта жүргізілмейді екен. Оны тек өнеркәсіптік жағдайларда биореакторда қолдануға болады. Яғни ірі университет немесе арнайы зертханалар базасында ғана жүргізілетін процесті жүргізу үшін оқушылар біраз тер төгуге тура келген. Себебі бұл мақсатқа әзірге елімізде мектепте қажетті зертханалар әлі қарастырылмаған көрінеді.
Сол секілді жақында БАҚ беттерінде Қызылордалық оқушының ойлап тапқан жаңалығы туралы ақпарат та қоғамның назарын аударып үлгерді. Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектебінің оқушысы ойлап тапқан бұл құрылғы Zhalyn деп аталады. Яғни өрттің алдын алуға арналған құрылғы болып отыр. Жұлдызай Мұңайтбасова есімді 11-сынып оқушысы ойлап тапқан жаңалық та сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Себебі, қоршаған ортаны экологиялық апаттар мен қайғылы оқиғалардан қорғайтын мұндай құрылғылар өте сирек болады. Әрі үздіксіз уақыт режимінде айналаға үнемі мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
«Мен ормандарды өрттен қорғау жүйесін ойлап табуды шештім. Өйткені Қазақстандағы орман өрттерінің саны мені қатты ойландырды. Мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын 11 мыңға жуық орман өртенеді екен. Ал соңғы 3 жылда олардың саны 32,6 пайыз артқан. Осылайша, Zhalyn ормандарды қорғаудың және орман өрттерінің қоршаған ортаға, азаматтардың өміріне кері әсерін тигізбеуі үшін ғылыми-техникалық шешімдердің болуы керек деп шештім», – дейді жоба авторы Жұлдызай Мұңайтбасова.
Құрылғының артықшылығы - өрт түтіндеп басталған сәттен хабар бере алады. Тағы бір айта кетерлігі инновациялық жоба саналатын бұл құрылғы да мектептің қарапайым технологиялық алаңында жасалынып отыр. Жүйе қарапайым радиожиіліктер көмегімен жұмыс істейді. Тіпті оған интернет те қажет емес. Оның көмегімен халықты, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдарды өрт түтіндеп басталғанда-ақ хабардар етуге болады.
Құрылғыны құрастыру үлкен шығынды қажет етпейді. Барлық қажетті компоненттерді еліміздің кез-келген өңірінен тауып алуға болады. Сонымен қатар құрылғының көлемі де шағын. Сенсорларды кез-келген ағашқа орнатып қойып, бақылау жасай беруге болады.
Бүгінде жас ғалым Жұлдызай өнертабысына авторлық құқық алу үшін барлық құжаттарын дайындап жатыр. Болашақта ол ақпараттық құрылғыны өндіріске енгізу үшін инвестор табуды жоспарлап отыр.