Алғыс айтудың астары қандай?
Еліміз бірнеше күннен кейін яғни көктемнің алғашқы күні Қазақстан халқы алғыс айту күнін атап өтеді
2016 жылдан бері тұрақты түрде тойланып келе жатқан Алғыс айту күні бүгінде халықтың асыға күтетін мерекелерінің біріне айналып үлгерген.
2016 жылдың 14 қаңтарында сол кездегі ел Президентінің No173 Жарлығымен 1 наурыз күні «Алғыс айту күні» деп жарияланғаны белгілі. Себебі 1 наурыз - Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні болып есептеледі.
«Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды» делінген ресми құжатта.
Яғни бұл күн тағдырдың тәлкегімен елімізге күшпен жер аударылған түрлі этнос өкілдерінің өздерін құшақ жая қарсы алған қазақ халқына алғыс айтатын күні болып бекітілді. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы үш ғасыр ішінде елімізге 8,5 миллиондай өзге ұлт өкілдері күшпен жер аударылған екен. Нақты айтар болсақ, XVII-ХІХ ғасырларда Жайық бойы, Ащылы өзек, Ертіс өңіріне әскери шептер құру мақсатында 325 мың казак-орыс жасағы келіп орныққан, сол секілді 1861-1915 жылдар аралығында да Ресейдің еуропаға жақын бөлігінен тағы 1,15 млн шаруа-мұжық келгені белгілі. Сол секілді 1917-1930 жылдары да 150 мыңға жуық кержақ-баптист келген болатын. Кейін бұл тізімді діни ұстанымы бойынша қуғындалып келген 100 мың әскери қашқын толтырды. Артынша, кәмпескеге ұшырап, жераударылған 25 мың бай келіп қоныстанып жатты. 1930-1945 жылдары аралығында өндіріс үшін деген мақсатпен Қазақстанға тағы 1,25 млн адам келіп кірді. Тағы 1,30 млн адам еркінен тыс зорлықпен жер аударылып келді. Кейін тың игеру деген желеумен 1954-1959 жылдары тың 1,9 млн адам келіп қосылғанын айта кету керек.
Бүгінде бұл мерекенің мәні өзгеріп, аясы да ұлғайған. Бұл күні ел аумағында түрлі тақырыптық іс-шаралар өтеді. Түрлі форумдар мен семинарлар ұйымдастырылып, әр жерде тақырыптық конференциялар шақыртылып жатады. Сол секілді жыл өткен сайын мерекенің мәні де артып, тарихы жаңа оқиғалармен, деректермен толықтырылып келеді.
Сонымен қатар бұл мереке де уақыт өзгеруіне байланысты, күллі республика халқы асыға күтетін, сүйікті мейрамдардың біріне айналып отыр деуге болады. Бұл күн – белгілі бір халықтың тарихи шегініс жасайтын күні ғана емес, жалпы отбасылық мейрам ретінде таныла бастады. Осы күнде жұрт бір-біріне, ата-аналары мен балаларына алғыс білдіріп, бір күнін отбасы мүшелерімен және дос-жарандарыммен бірге өткізетін дәстүр қалыптасып келеді. Бір сөзбен айтқанда, алғыс айту мейрамы – отбасы мүшелерінің бір-бірімен жаңаша қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін мейрам болып отыр. Алғыс айту күнінде ренжісіп қалғандар қайта татуласып, бір-бірімен қайта қауышып, кешірім сұрасып, айналасындағы жандарға рахмет айтулары керек деген үрдіс қалыптасып үлгергенін айта кету керек.
Бір қызығы, алғыс айту мерекесі Америка құрама штаттары, Япония, , Беларусь, Қытай, Вьетнам Израиль, Қытай секілді шет мемлекеттерде де тойланады екен. Атауы басқаша болғанымен, мәні ұқсас мереке саналады.
«Қиналған жанға қамқорлық көрсету - бұл қазақ халқының қанында бар дүние. Қазақ - жақсылығын аямайтын, соған сейкес, жасаған жақсылығын бұлдамайтын халық.
Қиналып келген сәтті құшағына басқан өзге жұрт жасаған айтып, мақтап жатса да еш масаттанбайтын халықпыз. Жалпы алғыс айту күні - бұл басқа елдерде бұрыннан бар, тойланып келе жатқандықтан белгіленген мереке емес, бұл – уақыттың өзі талап еткен қажет деп тапқан мереке. Сонау ХХ ғасырдың зұлматы қайтадан қайталанбауы үшін әрі оны бастан кешкен халықтардың жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке», дейді жазушы Камал Әлпейісова.