Шымкентте 3000-ға жуық нашақорлыққа қатысты жарнамалар мен графити суреттер жойылды
Шымкентте коммуналдық қызметшілердің қатысуымен нашақорлыққа және жалпы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында прокуратура ұйымдастырған іс-шара өз нәтижесін беруде, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Тығыз жұмыстар атқару үшін прокуратура, полиция, әкімдік және коммуналдық мекемелер «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Нөлдік төзімділік» қағидаты негізінде меморандум жасады.
Бекітілген алгоритмге сәйкес коммуналдық қызметшілерден жұмыс барысында кездескен құқық бұзушылықтар туралы полицияға ақпараттар түсіп, олар бойынша жедел тәртіпте заңды шешім және алдын алу шаралары қабылдануда.
Осылайша үш мыңға жуық нашақорлыққа қатысты жарнамалар мен графити суреттер жойылды.
Шымкент қаласының прокуратурасының ақпаратына сәйкес қоғамды тәртіпті бұзушылық бойынша 100-ге жуық ақпарат түскен.
Оның ішінде 31 факті ақпаратты есепке алу кітабына тіркеліп, есірткіні жарнамалау және тыйым салынған электронды темекіні сатуға қатысты 3 қылмыстық іс қозғалған.
Қоғамдық ортаны ластаған 11 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Бұл бастама қаламызды таза ұстауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға тиімді мүмкіндік береді.