«Экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу қажет» – бас мүфти
Соңғы кездері елімізде діни сауаттылық мәселесі мықтап қолға алынып, пәтуа, уағыз жалпы діни тақырыпта сөз қозғаудың мәдениеті, арнайы ережесін қалыптастыру мәселесі жиі айтыла бастады
Өйткені, ғаламтор бетінде отырып алып, уағыз айтып жұртты адастыратындар тым көбейіп барады. Осындай сауатсыздықтың салдарынан діни ахуал күрделеніп кетті деуге болады. Оның үстіне еліміздегі ғаламтордың ашықтығы да көп дүниеге кедергі болып жататыны жасырын емес. Мұндай жағдайды әсіресе қазіргі теріс ағымдар өте тиімді пайдаланып отыр деуге болады.
Жақында осы мәселеге байланысты Атырауда арнайы ғылыми конференция болып өткені белгілі. Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы экстремизммен күрестің ең төте жолы ретінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен дұрыс шариғатты дәріптеу екенін айтты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен шариғатты дұрыс меңгермеген адам радикализм мен экстремизмге жетегінде кетуге дайын болады
«Әлемді әбігеге салып отырған экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет деп есептеймін. Ұлттық дәстүр дегеніміз – елімізде ежелден қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі екені даусыз. Сонымен қатар ол сіз бен біздің өмір сүру салтымыз болып есептеледі. Расын айту керек, бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер аз емес. «Қазақ дінсіз болған» деген сынды шала түсініктегілер еліміздегі ислам дінін енді ғана аяғын басқан баладай етіп көрсеткісі келді. Ал шындығында олар қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатқанын түсінгісі де келмейді.
Қазақ халқы «жау жоқ деме, жар астында» деп, ұлтты әрдайым қауіптен сақтандырып отырған. Өкінішке қарай әлемді үрейлендіріп отырған сол экстремизм мен терроризм мәселесі бүгінде қазақ қоғамы үшін қауіпті тақырыпқа айналып барады. Бұл әрине, үлкен қауіп. Адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа қатты зиянын тигізіп отыр. Бізге елдің амандығы мен оның тыныштығы керек», - дейді Бас мүфти.
Оның айтуынша, қазақтың ұлттық дәстүрінің өзі ежелден дінмен сабақтас болып келеді. Енді бізге осы ежелден келе жатқан сабақтастықты жойып алмау қажет.
«Ел болып қалыптасып, бағыт-бағдарын түзеген қай мемлекет болмасын дін мәселесі өте өзекті болатыны белгілі. Ислам деген сөздің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Ислам дінінің негізгі мақсаты –бейбітшілік орнатуды көздейді. Хақ дініміз нақақтан нақақ ешкімге соқтықпауға, жаман нәрседен бойды аулақ ұстауға, адамзатқа мейрімділік танытуға, толерантты, зиялы болуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Шын мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп ескерткен», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ жиында ислам атауын жамылған кейбір жат ағымдардың өз идеологиясын қаражат табу, билікке ұмтылу, жұртқа жаппай тарату секілді мақсаттарға жұмсап отырғаны айтылды.
Бас мүфтидің айтуынша, жат ағымның жетегінде кеткендердің көбінің бойынан осындай фактілер анықталып жатады екен. Өкініштісі олар сол жат ағымның жетегінде жүргендерін білмейді. Тіптен өз ілімдерінің қауіпті екенін сезбейді де.
«Олар тіпті өз әрекеттеріне еш күманданбайды да. Осы әрекеттерін жүрген жерінің бәрінде насихаттап белсенді түрде жүре береді. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, кез келген елдің дәстүрлі құндылықтарын толығымен жойып жіберуге тырысады. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. Тағы бір айта кетерлік жағдай, деструктивті ағымдар тек ислам дінінің атын жамылмайды. Мұндай жат ағымдардың протестандық және шығыстық түрлері де бар екені белгілі. Ең қызығы жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады. Бұдан шығар жалғыз жол - ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет», - деді Бас мүфти.