Жиырма жылдан бері ауыз судан тарығып келген жетісулықтар қуанышқа кенелді
Соңғы кездері елімізде жан-жақты қолға алынған шаралардың арқасында ұзақ уақыт бойы қордаланып қалған өзекті мәселеллер шешімін тауып жатыр. Соның бірі - еліміздегі ауыз су мәселесі еді.
Жақында Жетісу облысындағы Панфилов ауданы, Көктал ауылының жаңадан құрылған жаңа шағын ауданында су желілерін тарту жұмыстары басталды. Соның арқасында ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр.
Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш елді-мекендегі ықшамауданның құрылысы басталғанына 20 жылға жуықтағанымен, инженерлік инфрақұрылым деген атымен болмаған. «Қазір облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен қажетті қаржы бөлініп, көпжылдық су мәселесі шешілді», деп хабарлайды Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Құрылыс жұмыстары осы қараша айының соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр.
Панфилов ауданы, Көктал ауылында барлығы 10 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл шетіндегі жер телімдерін игеру 2006 жылы басталғандықтан, бірте-бірте тұтас жаңа тұрғын үй шағын ауданы қалыптасты:
«Көкталдың өзінде барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым болғанымен, жаңа шағын ауданға су, электр желілері тартылмаған. Азаматтардың өтініштерін ескере отырып, өткен жылы жаңа көшелерге электр жарығы берілсе, биыл су желілері тартылуда», - деді Көктал ауылдық округінің әкімі Батырбай Қадырбаев.
Атап айтқанда, жаңа шағын ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында тереңдігі 320 метр екі құдық қазылып, 2 су қоймасы орнатылып, екінші көтергіштің сорғы стансасы орнатылды. Барлығы 7 көшеге жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылуда. Жұмыс ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, бүгінде 90 пайызға орындалды. Нысанның аяқталуы ағымдағы жылдың қараша айында жоспарланған.
Жұмыстарды мердігер ұйымнан 30 адам жүргізуде, 12 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Жаңа көшелерге барлығы 540 абонент тіркелген.
«Осы ауданда көп жылдан бері тұрып жатырмыз. Осы күнге дейін суды сорғымен тасымалдаймыз. Бұл күн сайын көп күш пен уақытты қажет етеді. Қазір біздің үйдің жанына су тарту үшін құбырлар төсеп жатыр. Қыстың алдында орталық су құбырына қосылғымыз келеді. Бұл қуанбасқа болмайды», - деп бөлісті жергілікті тұрғын Майгүл Жұбанова.
Айта кетейік, Панфилов ауданында 42 елді мекеннің 41-і орталықтандырылған сумен қамтылған. Ауыз судың сапасын арттыру мақсатында биыл республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінді.
Осының арқасында Еңбекші, Көктал, Нәдек, Қырыққұдық, Шолақай ауылдарында да су желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Жиделі ауылын орталықтандырылған су жүйесіне қосу мақсатында блоктық-модульдік кешен орнатудың сметалық құжаты дайындалды. Жалпы, қолға алынған шаралардың арқасында 2025 жылға қарай Жетісу өңірін сумен қамту деңгейі 92,4 пайызға жетеді.