Қазақ халқының рухани құндылығы: әдеп кодексі
Қазақ халқын өзгеден ерекшелеп тұратын тағы бір қасиеті - ұлттық тәрбиесі.
Рас қазақ халқы тәрбие мәселесіне ежелден мән берген. Ол өзгені сыйлау әсіресе үлкенді құрметтеу деген қағидаға негізделді.
Халқымыздың әдеп кодексінде үлкендерді сыйлау деген ұғым өте маңызды орын алады. Үлкенге құрмет балының сәби кезінен жоғары қағида ретінде санаға сіңіріледі, соны ұстану арқылы өмірде табысқа жетуге және халық алдында беделді атануға болады деп дәріптелді. «Кәрінің сөзі - бал», «Кәрінің сөзі - дәрі», «Кәрі ағаш жас ағашқа сүйеніп тұрады», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер». Бұл мақалдар егде адамдардың даналық белгісі екенін, тұрмыстық тәжірибе мен әдептілік ережелерінің сақтаушылары екенін дәлелдейді.
Жас ұрпақты қартайған ата-анасына қамқор болуға жауапкершілік сезіміне тәрбиелеу идеясы «қара шаңырақ», «кенже ұл» ұғымдарына негіз болған. Балалардың үлкендер алдында орындауы тиіс ережелері бар: үлкеннің жолын кеспе, өскенде елге қадірсіз боласың; үлкендердің әңгімесіне араласпа және тыңтыңдама, бөгет жасамай шығып кет, әйтпесе керең боласың: үлкендерге үнемі «сіз» деп сөйле және тағы сондайлар.
Соған сәйкес, үлкендер де, өз кезегінде, балаларға қамқорлық жасайды, оларды жақсы көріп, тиісінше көңіл бөледі, өз білімін балалармен қарым-қатынас барысында, мәҗбүрлемей-ақ үйретеді. Отбасындағы бірде-бір салтанат олардың қатысуынсыз өтпейтін болған. Жастар үнемі үлкендердің ақылын сұрап, пікірін біліп отырған. Қарттар да соған сәйкес келер буынның пікірлерін сыйлап, құрметпен қарап, бағыт-бағдар беріп отырған.
Мұндай сыйластық өз кезегінде қариялардың қарттық өмірін алаңсыз өткізуіне жагдай жасауына жол ашып отырған. Осындай ғажайып түсініктің арқасында қазақ даласында жетімдер үйі, қарттар үйі деген ұғым болмаған. Қарттар да қартайғанда ешкімге керек болмай, далада қалам деп ойламаған. Бұл әлемнің ешбір елінде жоқ тәрбие түрі.