«Ауыл аманаты» өзін-өзі ақтаған жоба
Бүгінде экономикалық жағынан өзінің тиімділігін көрсетіп отырған жобалардың бірі - «Ауыл аманаты» бағдарламасы.
Оны мемлекет басшысы Тоқаевтың өзі де бірнеше рет айтып өткен болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында «Ауыл аманаты» - ауыл халқының табысын арттыру бағдарлама екенін әрі оның жұмысына оң баға берді.
Президент сөз еткен «Ауыл аманаты» яғни жеңілдікпен несиелеудің игідлігін көріп отырған өңірдің бірі - Түркістан облысы. Әсіресе өңірдің ауыл тұрғындары аталмыш бағдарлама яғни «Ауыл аманаты» жұмысының тиімді жақтары көп екенін айтады. Бұған премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да Түркістан өңіріне барған сапарында көз жеткізіп қайтты.
Атап айтсақ, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылының тұрғыны Бабыр Насиров аталмыш бағдарламасының көмегімен дәнекерлеу және жиһаз шеберханасын ашқан. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 миллион теңге көлемінде несие қаражатын алған. Бұл ақшаға сатып алынған жабдықты тиімді түрде пайдалана отырып, құрылыс пен жиһазға арналған металл конструкцияларын шығару ісін жолға қояды.
«Қазір менде 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Тапсырыс көп болған кезде мен қосымша күштерді тартамын. Өнімдерге сұраныс өте жоғары. Сондықтан алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын», – дейді кәсіпкердің өзі.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Бахадыр Исраилов та жеңілдетілген несиеге мал бордақылау алаңын ұйымдастырған. Осылайша ол жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативін арзан әрі сапалы жем-шөп секілді мал азығымен қамтамасыз етіп отыр. Берілген егіс алқаптарында бидай, жоңышқа, жүгері өсіріледі. Осындай Мемлекет есебінен берілген көмектің арқасында өңірде сапалы азық-түлік түрі көбейіп, бағасы да қол жетімді бола түскен. Жәрмеңкелер өткізіліп, ауылшаруашылығы өнімдері көрмесі де жиі өтетін болған. Сондай көрме- жәрмеңкенің бірі Қазығұрт ауданына қарасты Айнатас ауылында өткізілгенін айта кету керек. Жәрмеңкеде келушілер назарына ұсынылған ауылшаруашылығы өнімдерінің барлығы да ауыл тұрғындарының өнімдері.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы жартылай фабрикаттарды өндіру, ұлттық киім тігу, ат әбзелдерін жасау және түйеқұс жұмыртқасын сату сияқты түрлі кәсіптерді ашуға мүмкіндік беріп отыр. Сол секілді қалдықтарды қайта өңдеушілерге ерекше назар аударылды.
Мәселен, Амантай Андасов есімді тұрғын пластик қалдықтарынан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасайды. Сондай-ақ макулатурадан түрлі лоток-науалар, ағаш қалдықтарынан көмір шығару ісін жолға қойған.
Кәсіп ашуға берілетін тегін гранттардың игілігін көріп отырған кәсіпкердің бірі - Есбол Ерден. Биылғы жылы 1,5 миллион теңгеге жуық қаржы алып, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген металл бұйымдарын, тәпішке, қақпалар жасап шығаруда.
Қысқасы, «Ауыл аманаты» жобасының арқасында елімізде гүлденген ауылдардың қатары көбейіп келеді.