Жармалық тұрғындар пәтер кілтін алды
Елімізде халықтың көңілінен шығып, өзінің тиімділігін дәлелдеп жатқан бағдарламалар аз емес.
Солардың бірі - «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. 2021 жылы іске қосылған бұл қанатқақты жобаның негізгі мақсаты - ел азаматтарының кез-келген қызмет түріне еш кедергісіз, алалаусыз қол жеткізу, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту болып отыр. Осы уақыт аралығында аталмыш бағдарлама талай аламның арманын орындап, қуаныш сыйлады.
Мәселен, жуықта ғана Абай облысы, Жарма ауданына қарасты Жаңғызтөбе ауылының біраз тұрғыны осы бағдарламамының шарапатын сезінді. Нақты айтар болсақ, ұзақ уақыттан бері баспана кезегінде тұрған отбасыларға екі бөлмелі жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Жоба басында айтып өткеніміздей, «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қолға алынып отыр.
Жаңа қоныстанушыларды аудан әкімі Нұрлан Борсықбаевтың өзі келіп құттықтап кетті. Өз сөзінде ауыл тұрғындарына амандық пен бақ-береке тіледі. Әкімнің айтуынша, жалпы аудан көлемінде тұрғын үй құрылысы бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Тек өткен жылдың өзінде ғана жалпы Жарма ауданы бойынша көп балалы отбасыларға мен халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдеріне 24 пәтер берілген екен.
«Жалпы аудан бойынша барлығы 599 адам кезекте тұр. Кезегін күткен бұл тұрғындар да үйлерін белгіленген мерзімде алады», - дейді аудан әкімі.
Шараның арты мерекелік концертке ұласып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеп тастады.
2021-2025 жылдарға арналған «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы – бүгінде ел экономикасына қан жүгіртіп тұрған үлкен он жобаның бірі саналады. Тек алғашқы жылдың өзінде ғана аталмыш ұлттық бағдарламаның арқасында ұзын-саны 53 қалада кәріздік тазарту жұмыстары жаңғыртылды. Сол секілді бірнеше қалада ұзақ жылдар бойы шешімін тапапй жатқан кәріз жүйесі жаңғыртылып, апатты үйлер бұзылып, орнына жаңасы салынды.