Алматыда қоғамдық көліктердің бағыттарына өзгеріс енгізілді
Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларға байланысты 12-16 қыркүйек аралығында Төле би көшесі Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейін жабылады. Осыған орай, 10 қоғамдық көлік бағытының қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, өзгеріске ұшыраған бағыттар мыналар:
№16
№37
№48
№126
№201
№205
№206
№209
№210
№224
Бұл бағыттар шығыс бағытта Қабанбай батыр көшесі арқылы, ал батыс бағытта Бөгенбай батыр көшесімен «Астана» алаңын айналып өтеді. Сонымен қатар, №16 және №126 бағыттары Гоголь көшесімен айналып өтеді.
Сондай-ақ, Алматы полициясы жолаушыларды тасымалдау қызметіне тексеріс жүргізіп жатқаны белгілі болды.
– Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдары жүргізушілерінің Жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында тұрақты негізде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жұмыс және демалыс режимін сақтау және ұйқышылдықты жеңудің қарапайым ережелері туралы. Мысалы, бірнеше дене жаттығуларын, салқын сумен жуыну, жылытатын сусындар – шай, кофе және басқа да қажетті дүниелерді ұсынамыз. Қарапайым дүние сияқты көрінгенімен, бұлар жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар автокөлік кәсіпорындарының басшылары мен медицина қызметкерлеріне көлік жүргізушілерінің шаршау дәрежесін анықтау үшін күнделікті тексеруден өткізу ұсынылады, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Сонымен қатар, қала күні қарсаңында «Астана» алаңы төрт күнге жабылатын болды. Қала күнін мерекелеу аясында 14 қыркүйек сағат 16:00-де «Астана» алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтеді. Сахнада Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren, Adam және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері, продюсер DJ Imanbek.
Сондай-ақ «Астана» алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Концерт 17:00-де басталады, оған Нағима Есқалиева, Мейрамбек Беспаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Айдар Тұрғанбай және т.б. артистер қатысады.
Ескеретін жайт, қыркүйектің 12-сі мен 16-сы аралығында Төле би көшесінің бойы Панфилов көшесінен бастап Абылай хан даңғылына дейін жабылады.
Бұл аралықта Астана алаңында Қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Түсіністік танытып, жол жүру бағытын алдын ала ойластыруларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.