Құрылыс нарығына бақылау күшейді
Жақында құрылыс заңы мен сапа талабын белден басқан компаниялардың біразы сот шешімімен лицензиясынан айырылды.
Елімізде құрылыс нарығы көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келеді. Бұл әрине құрылыс нарығындағы бәсеке мен баға саясатына да жағымды әсер етіп жатыр. Аспандап кеткен баға да сәл жұмсарып, салынып жатқан құрылыстың сапасы мен сыны да біршама жақсарғарғаны байқалады. Бірақ сан қуып, сапаны ұмытып кетіп жатқан құрылыс компаниялары да жоқ емес. Жақында осындай құрылыс заңы мен сапа талабын белден басқан компаниялардың біразы сот шешімімен лицензиясынан айырылды.
Олардың бесеуі Астана қаласындағы құрылыс компаниялар. Сот хабарламасына сенсек, аталмыш компаниялар сапасыз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген. Осының салдарынан Астанадағы бірқатар көпірлер, көлік өткелдері, тоннельдер мен эстакадаларда елеулі кемшіліктер кеткен. 2024 жылы жүргізілген жоспардан тыс тексерулер аясында «Астана қаласының қалалық қоршаған ортаның сапасын бақылау және бақылау департаменті» осы бес компания тарапынан ұзын-саны 426 заң бұзушылықты анықтап, оларды жою туралы 192 ұйғарым берген.
Сот қаулысымен лицензиясынан айырылған компаниялардың бірі - «Астана-Көктем С» компаниясы. Тексерулер барысында аталмыш компанияның ғимараттар мен құрылыстарды, соның ішінде көпірлерді, көлік өткелдерін, тоннельдер мен өткелдерді, объектілерді күрделі жөндеу және қайта жаңарту, оның ішінде тіреуіш және қоршау конструкцияларын салу барысында көз жұмбайлыққа салынғаны сондай-ақ, шатыр, монолитті монтаждау, сондай-ақ құрастырмалы темірбетон және темірбетон конструкцияларын монтаждау, қабырғалар мен қалқалардың элементтерін төсеу және ойықтарды толтыру, топырақ бетінде оның ішінде іргетас жұмыстарына қатысты үлкен заң бұзушылық анықталған.
Ал «Пром Строй Гарант Кз» компаниясы ғимараттар мен құрылыстардың тіреуіш және қоршау құрылыстарын жүргізу құқынан айырылып отыр. Себебі бұл компания да көпір, көлік өткелдері, тоннельдер мен эстакадаларды салу кезінде құрылыс талаптарын орындамаған. Жалпы айтқанда құрылыстарды күрделі жөндеуді және реконструкциялауды және басқа да жасанды құрылыстарды салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысуға арналған II санаттағы лицензиясын сот алып қойған.
Сол секілді тексеру жұмыстары барысында «Шебербилд», «Гранит» және «Ғимараттар мен құрылыстар құрылысы» секілді құрылыс ісімен айналысатын компаниялардан да заңға қайшы әрекеттер анықталған. Бүгінде үш компания да жалпы ғимараттар мен құрылыстардың көтергіш және қоршау конструкцияларын орнату, жердегі инженерлік желілер мен жүйелердің шағын түрлері бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін II санатты лицензиясынан айырылып отыр.