Қазақтың Елтаңбасы әлемнің ең тартымды рәміздерінің бірі болып саналады
Төл теңгеміз ғана емес, Тәуелсіз Қазақ елінің Елтаңбасы да жасалу тәсілі мен дизайны жағынан да әлемнің ең тартымды рәміздерінің бірі болып саналады. Елтаңба (герб) кез-келген елдің мемлекеттік айрықша ресми белгісі болып есептеледі.
Әдетте Елтанба мемлекеттің ерекше белгісі ретінде жалауға, мөрге, ақшаға, т.б. түсіріледі. Белгілі бір қаланың да, рудың да, қауымның да (сословие), топтың да, отбасының да (семья), т.б. таңба-белгісі болады. Әрине, ондай белгілерді "елтаңба" деп атауға болмайды. Бұл орайда тілімізде ежелден бар "таңба" сөзін "герб" сөзінің баламасы ретінде қолданады. Себебі, "таңба", мен "гербтің" тарихи пайда болу тегінде де, мәндік қызметінде де айтарлықтай алшақтық жоқ. Мәселен, Европада гербті алғаш рет Х-ХІІ ғасырларда крест жорығы кезінде рыцарлар қолдана бастады. Герб ойлап табудың басты себебі бет аузына дейін тұмшалап, мұздай сауыт құрсанған рыцарлар соғыс кезінде бірін-бірі тануы қажет болған. Кейінгі рыцарлардың гербі рулық белгіге ұласып, атадан балаға ауысатын тұрақты айғаққа айналған.
Ал, көшпенділер арасында таңбаның қолданыла бастауы - біздің жыл санауымыздан көп бұрын екені ғылым жүзінде белгілі. Көшпенділер де таңбаны рулық, қауымдық, отбасылық, батырлық, сал-серілік белгі-айғағы ретінде қолданған. Бүгінгі елтаңбамыз да Қазақ халқының өткені мен бүтіндей болмысынан сыр шертеді.
Сол секілді Әнұранымыздың да орны ерекше. Ертеректе жарық көрген энциклопедияларды Әнұранға «(гимн) мемлекеттің ресми нышан-айғағы болып табылатын, елдің арман-аңсарын (идеалын) білдіретін, программалық (бағдарламалык) мәні бар салтанатты ән» деген анықтама берілген екен. Сонымен қатар белгілі зерттеуші Жәния Нұржанның еңбектерінде көшпенділер арасында біздің жыл санауымызға дейін-ақ әнұран айту дәстүрінің болғаны жөнінде айтылады.
«Мәселен, көшпенділермен көп тірескен парсы жауынгерлері жорық кезінде «Алтын, жер, әйел!» деп басталатын онұран айтса, көшпенділер «Алтын, әйел, ат!» деген әнұранын айтып, жауға қарсы шығатын болған. Елтанба да, әнұран да ең алдымен ұлттық нышан- айғақтық мәндегі елдік белгі (знак). Демек, белгілі бір елдің нышан- айғағы алдымен сол елдің ең мәнді болмысының көрінісі. Нышан- айғақтың айтары да, аңғартары да сол елдің болмысымен үндесу шарт. Ұлттың немесе ұлттардың Дүниетанымы, салт- дәстүрлері және моральдық- этикалық қалыбы (нормасы) нышан-айғақтың образды тілін белгілейді. Яғни, туды, елтаңбаны, әнұранды дүниеге әкелерде елдің, халықтың тарихи болмысымен санасу ен басты талап болған», - дейді ол өзінің зерттеулерінде.