Қазақ халқының рухани құндылығы: Байқоңыр
Ертеректе жарық көрген «Менің елім» Қазақстан балалар энциклопедиясында «1870 жылдың сәуірінде «Московские ведомости» газетінде мынандай ресми хабар басылған екен: «Провославныйлардың Айға ұшуы жөнінде заңсыз жиындар өткізгені және қайдағы бір өсек-аяңдары үшін Москваның ар жақ бөлігінде тұратын мещанин Никита Петровтің полиция қадағалауымен Москвадан қырғыз-қайсақтың Байқоңыр елді мекеніне жер аударылғаны жөнінде Москва мен губерния тұрғындарына ресми хабарланады» деген ақпарат жарияланған екен.
Бұл Қазақ даласындағы ғарыш айлағы Байқоңырдың дақпырты тым ертеде бастау алғанын көрсетеді.
Байқоңыр даласы ғарыш айлағы ретінде 1955 жылдан бастап игеріле бастады. Бұл жұмыстар шамамен екі жылдан астам уақытқа созылды. 1957 жылы құрылысы аяқталып толықтай пайдаға берілді.
Байқоңыр сонымен қатар жер шарындағы тұңғыш ғарыш айлағы болып саналады. Байқоңырдан «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» сипатындағы барлық ғарыш кемелері, «Салют» және «Мир» орбиталық станциялары үшырылды.
Сондай-ақ осы айлақта зеңгір көкке өз заманында «Космос», «Протон», «Зонт», «Прогноз» серияларындағы жердің ондаған жасанды серіктері шығарылған болатын. Бұлар халық шаруашылығының ғарыштағы бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында теңдессіз пайда әкелді. Сол секілді олардың байланыс құралдарын, метеорологияны, биологияны, қорғанысты, экономиканы дамытудағы маңызы зор болғандығын да атап өту қажет.
Ғылыми мақсатта ғарышқа адам ұшыру мүмкіндігі туғанша Байқоңырда небір ғарыштық жұмыстар жасалып жатты. Яғни Байқоңыр стратегиялық максаттағы ракета әскерлерінің объектісі болып есептелді. 1957 жылдың тамызында айлақтан алғаш рет құрылықаралық баллистикалык зымыран ұшырылды. Бұл өз замында әскери істегі революция деп саналды. Ұзамай қазақ даласындағы осы Байқоңыр айлағында ядролық қаруды жер шарының кез-келген нүктесіне жеткізе алатын зымырандар жасала бастады.
КСРО билігі әрине мұны саяси мақсатта пайдаланды. Алайда Қазақстан Республикасы егемендік алған соң бұл саясаттан бас тарты. Өзіне алған келісім-шарттар мен міндеттемелеріне сәйкес әскери ракеталар бөлшектеліп, ядролық оқтұмсықтар Ресейге жіберілді. Осылайша Қазақ елі ядролық қарудан өз еркімен бас тартты.
Байқоңыр - бүгінгі таңда халықаралық ғарыш айлағы болып отыр. Одан әртүрлі елдердің ғылыми және коммерциялық, зерттеу бағдарламалары бойынша Жердің жасанды серіктері ұшырылып келеді.