Ауыл шаруашылығы техникалары утиль алымнан босатылуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында ауыл шаруашылығы техникасына қатысты бірнеше мәселе көтерді.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында ауылшаруашылығы техникасына қатысты бірнеше мәселе көтерді.
Депутат ауылшаруашылығы техникасының қымбаттауына қатысты пікір білдіріп, мәселеге елдегі кәсіпкерлерді кінәлады.
«Отандық көлікжасау саласына қарсы емеспін. Қазақстанда 8 мекеме құрылды. Бірақ олар шетелден дайын бөлшектер әкеліп, құр дөңгелек іліп шығарып жүр. Олардың конструкторлық құжаты жоқ, шағын цехтарға тапсырыс берген оқиғаны да байқамадым. Бұл отандық өндіріске жата ма? Ол кәсіпкерлерге арзан несие, жер берілді, утиль және салық пен қосымша құн салығынан босатылды. Олардың өнімінің бағасы төмен болу керек еді. Алайда олай болмады. Сондықтан импорттық техника да, отандық техника да қымбат. Нақты мәселе осы. Біз көлік бөлшегінің Қазақстанда жасалуын қамтамасыз етуіміз керек», — дейді депутат.
Сонымен қатар депутаттың сөзінше, импорттық ауылшаруашылығы техникалары утиль алым мен қосымша құн салығынан босатылуы керек. Сонда техника бағасы 25 процентке дейін арзандайтын көрінеді.
«Ауыл шаруашылығы техникасына салынатын қосымша құн мен утиль алымды тоқтату керек. Бұл техника бағасының 25 процентке дейін түсуіне септеседі. Жақында Экономикалық кодекске барлық ауылшаруашылығы техникасы утиль алымынан босатылсын деген өзгеріс енгізуді қолға алдық. Қазір бизнесті дамытуға байланысты заңнама қарастырылуда», — дейді Анас Ахатұлы.